Run for Autism: елордада халықаралық қайырымдылық марафоны өтеді

26.03.2026 20:38

Биыл рекордтық көрсеткіш орнатылып, жүгіруге 5 мың адам қатысады деп жоспарланып отыр

Қазақстанда аутизм белгісі бар балалардың саны азаймай тұр. Былтырғы мәлімет бойынша, елде даму ерекшелігі бар 15 мыңға жуық кәмелетке толмаған бала тіркелген. Бұл тек ресми статистика ғана. Мамандардың пікірінше, аутизмге көңіл бөлмейтіндер әлі де көп. Бұл мәселеге қоғам назарын аударту мақсатында елордада халықаралық «Run for Autism» қайырымдылық марафоны ұйымдастырылмақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Run for Autism» – қайырымдылық жүгіру жарысы. Бұл халықаралық қозғалыстың бөлігі ретінде Нью-Йорк, Лондон, Берлин сияқты әлемнің ірі қалаларында да өткізіледі. Ал елімізде жоба 2023 жылдан бері қолға алынған. Осы уақыт аралығында оған 6 500-ге жуық адам қатысыпты.  Нәтижесінде 42 млн теңгеден астам қаражат жиналып, балаларға 25 арнайы кабинет ашылған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шараның негізгі мақсаты – менталдық ерекшеліктері бар жандарға қолдау көрсету және инклюзияға бей-жай қарамайтын азаматтарды бір ортада жиналуға шақыру.

«Сәуір айында көптеген іс-шаралар өткізіледі. Соның бірі және бірегейі – «Run for Autism» қайырымдылық жүгіру жарысы. Бұл ТМД елдеріндегі ең үлкен инклюзивті жүгіру жарысы деп айта аламыз. Бұл жәй ғана жүгіріс емес тұрақты жүгірушілерден бөлек қандайда бір ерекшеліктері бар балалар, жасөспірімдер тіпті ересектер олардың отбасылары, туысқандары тіпті көршілері, достары келіп қолдап жүгіреді», – деді  қоғамдық қордың инклюзивті және әлеуметтік жобалар жетекшісі Самал Әлбілекова.

Елдос Иманбаев – ерекше баланың әкесі. Ұлына 4 жасында аутизм диагнозы қойылған. Ол баласының жүгіруді жақсы көретінін айтып, мұндай спорттық шаралардың ерекше балалар үшін маңызды екенін айтады. Сөзінше, мұндай жобалар қоғаммен араласуға, өз қабілетін көрсетуге және дамуға мүмкіндік береді.

«Бекназар – өте көңілді, мейірімді бала. Ол спортпен айналысқанды қатты ұнатады. Негізінен жүгіруді жақсы көреді. Бұл – ол үшін үшінші рет қатысатын жүгіру жарысы. Біз оның диагнозын 4 жасында білдік. Сол уақыттан бері өзім оның спорттық жағдайы мен тәртібімен айналысамын», – деді ата-ана Елдос Иманбаев.

Айта кетейік, жоба елордада төртінші рет ұйымдастырылмақ. Биыл рекордтық көрсеткіш орнатылып, жүгіруге 5 мың адам қатысады деп жоспарланып отыр. Жарыс 26 сәуірде өтеді. Ал оған 19 сәуірге дейін тіркелу керек.

Мәди Бижан, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астана

Оқи отырыңыз: Алматыда аймақтық травматология орталығы құрылмақ