Руслан Берденов ісі бойынша сотта жаңа мәліметтер жарияланды

13.08.2025 20:23

Бүгінгі отырыста куәгерлер оқиғаға қатысты өз нұсқасын айтты

Шымкентте Руслан Берденовтің ісіне қатысты сот процесі әлі де қызу жалғасып жатыр. Бүгінгі отырыста оқиғаға қатысты өз нұсқасын куәгерлер айтты. Экс-депутаттың қорғаушысы да үнсіз қалмаған көрінеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Бүгінгі сотта жауап берген куәгер сол күні әкімдік маңында болғанын және кенеттен атылған оқтың даусын естігенін жеткізді. Әуелде ол мұны отшашу деп ойлап, мән бермепті. Бірақ біраздан соң оқиға жайын түсініп, сыртқа шыққанда, жерде қансырап жатқан ер адамды көрген. Кәлимасын айтып жатқан жаралы жанға сол сәтте күдікті айқайлап тұрды дейді ол.

«Мен сені бәрібір өлтіремін, ол менің туған қатыным еді ғой, сенің кесіріңнен ажырасып жатырмыз, бүгін сотқа бардық» деді. Сол кезде атылған автоматты көрдім деп айттым. Сол кісі жатқан жердің арғы жағында, газонда жатыр екен», - деді куәгер.

Сотта сөз алған куәгерлер «Ернар Жиембайдың ащы тілі бұл жолы ғана емес, бұрын да байқалған» деді. Мәселен, атыстан бірнеше күн бұрын айыпталушы азамат Берденовтің көмекшісіне телефон шалып, дөрекі сөздер айтыпты-мыс.

«Русланға берші, үйіне кетті ме, үйіне барамын қазір онда» деп айтты. Содан кейін мен онымен көп сөйлеспей, «арақашықтық сақта» деп, телефонды қойдым, болды. Кейін қайта хабарласты, мен тұтқаны алмадым», - деді куәгер.

Жәбірленуші тарап айыпталушы жазасын жеңілдету үшін оқиғаларды ойдан қосып отыр деп санайды. Ал Берденовтің қорғаушысы бұған дайын болғанын жеткізді. Ал экс-депутат бүгінгі процеске қатыса алмаса да, алдағы күндері келіп, шындықты өзі жарияламақ.

«Бірінші процесте 45 минут сөйлеген Жиембайдың бір айтқан сөзі шындық емес. Мұндай жерде келіншегін қаралау негізсіз болған деп ойлаймын. Себебі ол – ұят тірлік. Ол келіншек те – біреудің қарындасы, біреудің анасы. Ертең сот бітеді, кетеді. 10-20 жылдан кейін тарихта қалады. Түсінемін, ол қазір аффект жағдайында болды деген нұсқаға жақындатқысы келіп отыр. Тергеу барысында сараптама жасалды», - деді жәбірленушінің өкілі Жеңіс Тыныбек.

Еске салсақ, 21 сәуірде әкімдік алдында атыс болып, белгісіз біреу қала әкімінің орынбасарына бірнеше мәрте оқ жаудырған еді. Оқиғада басты күдікті деп «Тұрғын үй Шымкент» компаниясының экс-басшысы Ернар Жиембай танылды. Қазір ол өз әрекетін ішінара мойындап отыр. Ал бүгін жәбірленуші Руслан Берденовке тағы бір ота жасалмақ.

Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, «Алматы» телеарнасы, Шымкенттен

Оқи отырыңыз: Қабырғасы жарылған, іргетасы шөккен: Приозерскіде 8 үй апатты жағдайда тұр