Сот Руслан Берденовтің сот отырысына міндетті түрде қатысуын талап етті
Шымкентте Руслан Берденовтің ісіне байланысты сот отырысы басталды. Алайда жәбірленуші денсаулығына байланысты процесске қатыса алмады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Еске салсақ, 21 сәуірде әкімдік ғимаратының алдында атыс болып, белгісіз біреу қала басшысының орынбасарына бірнеше рет оқ жаудырған. Ауыр жарақат алған шенеунік дереу ауруханаға жеткізілген. Бұл істің басты күдіктісі ретінде «Тұрғын үй Шымкенттің» бұрынғы директоры Ернар Жиембай танылып отыр. Тергеу мәліметінше, ол мұндай әрекетке Берденовтің «жұмыстан өз еркімен кетсін» деген сөзі үшін барған.
«Қолындағы аңшылық қаруын оқтап, автокөлікті айналып қашып жүрген Берденовті қасақана өлтіру мақсатында 5 рет патрондарды атып, жәбірленушіге ауыр дәрежелі дене жарақатын салған. Әрі қарай Жиембай жарақаттанған Берденовтің жерде құлап жатқанын көріп, қасына жүгіріп барып, қолында болған сайга 12 маркалы аңшылық қарумен оқ атуға әрекет жасаған», – деді прокурор Ерлан Сәдібеков.
Сот залында күдікті Ернар Жиембай тергеу кезінде қысым көрсетілгенін ашық айтты. Ол бұл сөзін жай ғана мәлімдеме емес, нақты дәлелдермен бекітуге дайын екенін де қоса кетті. Судья тараптардан қосымша мәліметтер сұрап, істі 6 тамызға шегерді. Жәбірленуші Руслан Берденовтің келесі сот отырысына міндетті түрде қатысуын талап етті.
Оқи отырыңыз: Алматы облысында жоғалған тікұшақ табылмады