Рутиналық жұмыс 70 пайыз қысқарады: ұстаздар жасанды интеллекттің пайдасын айтты

Олардың пікірінше, жасанды интеллект ұстаздың орнын басатын құрал емес

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Жасанды интеллект білім беру саласын түбегейлі өзгертіп жатыр. Сондықтан оны оқу үдерісінде жүйелі әрі дұрыс қолдану тәртібін белгілейтін пәрменді шараларды шұғыл қабылдау қажет». Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі Республикалық тамыз конференциясында айтты. Президент жаңа технологияны мұғалім мен оқушының күнделікті жұмысына кезең-кезеңімен кіріктіріп, оны дұрыс пайдалану мәдениетін қалыптастыру қажет екенін атап өтті. Бұл бастаманы жас мамандар мен білікті педагогтар да қолдап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Олардың пікірінше, жасанды интеллект ұстаздың орнын басатын құрал емес, керісінше оның уақытын үнемдеп, сабақ мазмұнын жетілдіруге мүмкіндік беретін заманауи көмекші.

«Біз жасанды интеллектілерді сабақта емес, басқаруда қолданған кезде рутиналық тапсырмалар 70 пайыз қысқарады. Қазіргі таңда адамдардың, кейбір мұғалімдердің түсінігі бойынша, жасанды интеллект оқушыны жаттауға  үйретеді. Мен оған келіспеймін.Ол күнделікті жұмысты қысқартады, жеңілдетеді», – деді № 216 Келешек мектебінің директоры Гүлназ Тұңғышбаева.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ЖИ дағдыларын мектеп қабырғасынан бастап қалыптастыру керек деген тапсырмасын толық қолдаймын. Биыл 12 мамырдағы Жарлықта «жасанды интеллект мұғалімді алмастырмайды, ол тек біздің мүмкіндігімізді кеңейтетін құрал» деп нақты жазылған. Информатика мұғалімі ретінде менің басты міндетім – оқушыларға ЖИ-ді жай ғана қолдануды емес, оны қауіпсіз, академиялық адалдықпен және зор жауапкершілікпен пайдалануды үйрету», – деді № 216 келешек мектебінің информатика пәні мұғалімі Бақжан Әліғұл.

Оқи отырыңыз: Елімізде ұстаз мамандығының беделі артып келеді - педагог пікірі қандай