Шәмші Қалдаяқов -95: Түркістан облысында «Өнері өрге шалқыған орда» кітабының тұсаукесері өтті

27.11.2025 21:45
Almaty.tv

Түркістан облысында ҚР Мемлекеттік Әнұранының авторы, Қазақстанның Халық әртісі, Еңбек Ері Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығы аясында композитордың өмірі мен шығармашылығын кеңінен насихаттау мақсатында апталық өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Шара аясында композитордың өмірі мен шығармашылығын еске алуға арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Шараға арнайы Түркістан облысы мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев және зиялы қауым өкілдері қатысып, Шәмші Қалдаяқовтың өмірі, өнер жолы және ұлттық музыкадағы орны туралы пікір алмасты, құнды естеліктер айтылды. Шараның сәнін кіргізген филармония әншілері композитордың ең үздік әндерін орындады.

Сонымен қатар басқарма басшысы Әзімхан Серікұлы «Шәмші» деректі фильмінің режиссері Ахмет Мүсілімұлына «Шәмші Қалдаяқов» атындағы мерекелік медальді табыстады.

Іс-шара барысында композитордың шығармашылық мұрасына арналған «Өнері өрге шалқыған орда» атты жаңа кітаптың тұсаукесері өтті. Кітапта Шәмші Қалдаяқовтың өмір жолы, музыкалық мұрасы және өнер ордасының қалыптасуына қосқан үлесі кеңінен қамтылған. Тұсаукесерде шығарма мазмұны таныстырылып, оның рухани және мәдени маңызы атап өтілді.

Айта кетейік, апталықтың қорытынды Гала-концерті 24 желтоқсанда сағат 19:00-де «Конгресс холл» кешенінде өтеді.

Оқи отырыңыз: Жұмекен Нәжімеденов-90: «Таңдамалы шығармалары» атты жаңа жинағының тұсауы кесілді