Сәтбаев қаласында тұмаумен ауырған науқастар саны артты

12.11.2025 20:20

Дәрігерлер тұмаудан сақтанудың ең тиімді жолы ретінде жеке бас гигиенасын сақтауды, жылы киінуді және уақытында екпе алуды ұсынады

Сәтбаев қаласында соңғы аптада тұмаумен ауыратындардың саны күрт артты. Мамандардың айтуынша, вирус балалар мен егде жастағы адамдар үшін қауіпті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жергілікті тұрғын Инабаттың отбасы өткен аптада тұмаумен ауырып, енді ғана бас көтере бастаған. Төрт баласы да дәрігер көмегіне жүгінген.

«Бірінші қызым ауырды. Балабақшадан суық тигізіп келді. Дәрігерге қаралдық. Одан кейін басқа балаларыма жұқты. Үйде төрт балам да ауырды. Қазір кішкентайым ауырып жатыр. Оған стаматит қосылды. Дәрігерлер ем жазып берді», – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Инабат Қалиева.

Тұмаудың тұзағына Салтанат Битабарованың да жанұясы іліккен. Қарапайым суық тию деп мән бермеген олар, ауруды асқындырып, есеңгіреп қалған.

«Балам мектептен жұқтырып, бәріміз ауырып шықтық. Қазір жақсымыз, десе де сақтық шараларын жасап, дәрігер ұсынған витаминдерді қабылдап жатырмыз», – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Салтанат Битабарова.

Сәтбаев қаласындағы емханаларда адам қарасы көп. Тұрғындар дәрігерге жазылып, тұмау белгілерімен жиі келіп жатыр. Дәрігерлер мұны маусымдық індеттің күшеюімен байланыстырады. Сондықтан тұмауға қарсы вакцина егу науқаны жалғасып жатыр. Мамандар тұмау белгілері байқалған жағдайда өздігінен емделмей, дәрігерге қаралуға кеңес береді.

«Тұмаумен ауырған адамда өкпе, жүрек, буын ауруларының асқынуы мүмкін. Біз алдын алу шараларын жүргіземіз. Оның ең алғашқысы – екпе алу. Емханада биыл 2700 екпе алынды. Медицина қызметкерлеріне және емханаға тіркелген азаматтарға салынып жатыр», – деді Сәтбаев қалалық емхана директоры орынбасарының міндетін атқарушы Гаухар Әлімбетова.

«Екпе алған азаматтар арасында жұқпалы аурумен ауыру дерегі азаятыны жасырын емес. Екпе алу көпшілікпен жұмыс істейтін медицина мамандары мен қандайда бір есепте тұрған адамдарға тегін салынады. Олардың қатарында жүкті әйелдер мен егде жастағы тұрғындар мен 5 жасқа дейінгі балалар бар», – деді Сәтбаев қаласы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Асель Битаева.

Айта кетейік, Сәтбаев қаласында соңғы 10 күн ішінде тұмау бойынша 62 жағдай тіркелген. Оның 48-і 14 жасқа дейінгі балалар, ал 15-і – 1 жасқа дейінгі сәбилер. Дәрігерлер тұмаудан сақтанудың ең тиімді жолы ретінде жеке бас гигиенасын сақтауды, жылы киінуді және уақытында екпе алуды ұсынады. Қарапайым ережелер, шынында да, үлкен қорғаныс бола алады. 

Алтынгүл Төлегенова, Ұлытау облысы

Оқи отырыңыз: Әкімдіктің бөлмесінде түнеп жүрміз: Қостанайда кәріз суы баспаналарды шайып кеткен