Сәтбаев қаласының тұрғындары жылуға жарымай отыр

Almaty.tv
Almaty.tv

Мәселенің мән-жайы мен тұрғындардың шағымы Сәтбаев қалалық әкімдігіне жолданды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Сәтбаев қаласының тұрғындары қақаған қыста жылуға жарымай отыр. Бірнеше көпқабатты үйдің тұрғындары пәтерде жылу жеткіліксіз деп шағымданды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бүрсең қаққан тұрғындар жылудың мардымды берілмейтініне наразы. Ұлытау облысында бірнеше күн қатарынан болған аяз тонған тұрғындарды одан сайын әбігерге салған. «Коммуналдық қызметке төленетін ақымыз еселеп артса да, мардымды жылу жоқ» деген бірнеше көп қабатты үйдің иелері жылытқыш пешін үзбей қосып отырғанын айтты. Салдарынан ел тоққа да еселеп ақша төлейтін болған.

«№142 үйде тұрып жатқаныма 25 жыл болды. Қаншама уақыттан бері төлейміз, үйде жылу жоқ. Зейнеткермін, ақшаның тең жартысын коммуналдық қызметке төлейміз. Егер жылу бермесе, қайтарсын», – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Зәуре Есілбаева.

«Менің 2 балам бар. Үйдің суығынан балаларым жиі ауырады. Біз коммуналдық қызметкеай сайын 40 мың теңгеден артық төлейміз. Бірақ лайықты жылу жоқ.  Жауапты мекемелерге хабарласамыз. Келеді, екі сағаттан соң тағы жылуға зар боламыз», – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Анастасия Ан.

Бұл тек бір үйдің тұрғындарының шағымы емес. Қатар орналасқан басқа да баспаналар дәл осындай жағдайда. Бірқатар тұрғын үйлерде батареялар толық қызбай, пәтер ішіндегі температура қалыпты деңгейге жетпей отыр. Тұрғындардың айтуынша, жағдай жыл сайын қайталанатын түйткілге айналған.

«Үйімізде жылу жоқ. Қалалық әкімдікке, Жылумен сумен жабдықтау кәсіпорынына хабарластық. Олар бір-біріне сілтеп ешкім біздің шағымымызға құлақ асып жатқан жоқ. Қызмет көрсетуші ұйымға Біз тегін жылу беріңдер деп сұрап жатқанымыз жоқ. Әр есікті қағудан шаршадық. Бізге қажетті жылуды берсін», – деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Ирина Фаттулаева.

Мәселенің мән-жайы мен тұрғындардың шағымы Сәтбаев қалалық әкімдігіне жолданды. Қалалық тұрғын үй инспекциясының мамандары аталған мекенжайлар бойынша тексеріс жүргізілгенін хабарлады. Мамандар аталмыш ауданның инженерлік желілерінде ақау бар екенін де жоққа шығармады.

«№5 ықшамауданында инженерлік жүйесінде ақау бар. Соңғы үйдің басты мәселесі – жылудың толық мөлшерде жетіспеуі. Келіп түскен өтініш бойынша ауданға қызмет көрсететін мекеме қызметкерлері тексеріс жүргізген болатын. Қазіргі жағдайда жағдай қалыпты. Жылу мәселесі қала әкімдігінің бақылауында», – деді Сәтбаев қалалық тұрғын үй қатынастары, тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының м.а. Саят Елтінді.

Әкімдіктегілер жағдай қалыпты деп жылы қайырды. Бірақ халық ахуалды тұрақтандырып, түйткілді бір жола шешуді талап етіп отыр.

Айта кетейік, Сәтбаев қаласында барлығы 627 көпқабатты тұрғын үй бар. Бұл үйлерге қала аумағында 8 қызмет көрсетуші ұйым жауапты.

Алтынгүл Төлегенова,  Ұлытау облысы

Оқи отырыңыз: Алматыда бас шыршаның шамы жанды

Новости партнеров