Қазақстандағы әскери медицинаның тарихы 1992 жылдан басталады
Былтыр еліміздегі әскери медициналық мекемелерде 13 мыңнан астам адам ем қабылдаған. Қазір әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне емдік көмек көрсету үшін республика бойынша 8 госпиталь, 4 лазарет және өңірлік медициналық пункттер тұрақты жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазақстандағы әскери медицинаның тарихы 1992 жылдан басталады. Содан бері сала бірнеше жаңғырту кезеңінен өтіп, бүгінде тұрақты даму жолына түсті. Қазір ел бойынша 8 госпиталь, 4 лазарет және тактикалық деңгейде 130-дан астам медициналық құрылым жұмыс істеп тұр. Олардың қатарында елордадағы медициналық-санитарлық көмек бөлімшесі де бар. Бұл орталық бүгінде Қазақстан бойынша толық цифрландырылған алғашқы әскери медициналық мекеме ретінде ерекшеленеді.
«Біздің ұйымның артықшылығы пациенттерге мамандандырылған медициналық көмекті өте қысқа мерзімде алу мүмкіндігі беріледі. Яғни азаматтық емханаларда кардиологқа қабылдауды бір айға дейін күту қажет болса, пациенттер кардиологтан өтіп, талдау нәтижесін сол күні-ақ жасата алады. Сонымен қатар МРТ зерттеуін де қысқа мерзімде өту мүмкіндігі бар. Бізде ешқандай шектеулер жоқ, әскери қызметшілер үшін диагностикалық зерттеулерді қосымша сатып аламыз», – деді ҚР ҚМ Медициналық-санитарлық көмек бөлімшесінің дәрігер-терапевті Алмагүл Тілеужанова.
Әскери медицина саласындағы материалдық-техникалық базаны жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Биыл бұл бағытта жалпы құны 2 млрд 65 млн теңгеге 371 дана заманауи медициналық құрылғы сатып алынған. Олардың қатарында рентген және жаңа үлгідегі стоматологиялық қондырғылар, ультрадыбыстық зерттеу жүйелері, физиотерапевтикалық әрі зертханалық аппараттар бар. Астанадағы медициналық-санитарлық көмек бөлімшесінің мамандарының айтуынша, осы жаңартулардың арқасында диагностикалау мен емдеу шараларын жедел әрі тиімді жүргізуге мүмкіндік туған.
«Бұл құрылғы кез келген созылмалы ауруларды емдеуге арналған. Көбіне ұзақ уақыт жазылмайтын жаралар мен жарақаттарда, сондай-ақ жараның нашар жазылуы жағдайында қолданамыз. Ерекшелігі қалыпқа келу процесін жеделдетеді. Сонымен қатар ауырсынуды азайтып, тез емделуге мүмкіндік береді», – деді ҚР ҚМ Медициналық-санитарлық көмек бөлімшесінің физиотерапевті Гүлзира Оңалбаева.
Айта кетейік, ел аумағындағы медициналық мекемелерде 600-ден астам ақ халатты маман қызмет атқаруда. Сонымен қатар кадрлық әлеуетті күшейту мақсатында 48 курсант пен 24 офицер даярлықтан өтуде. Олар білімін халықаралық тәжірибе негізінде жетілдіріп, шетелде біліктілігін арттыруда.
Мәди Бижан, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астана
Оқи отырыңыз: Сәтбаев қаласының тұрғындары жылуға жарымай отыр