Жауапты мекеменің өкілдері құбыр жөнделді, судың ағысы тоқтатылды дегенді алға тартты
Ұлытау облысына қарасты Сәтбаев қаласының тұрғындары жылу маусымы бастала салысымен жағдай нашарлады деп шырыл қағады. Мұндағы көпқабатты тұрғын үйдің жертөлесіндегі ескі құбыр жарылып, суға толып жатқан көрінеді. Екі күннен бері ешкімнің көмекке келмегені тағы бар. Мәселенің мән-жайын Аlmaty.tv-нің өңірдегі тілшісі Алтынгүл Төлегенова біліп қайтты.
Бұл – кенді қаладағы 1993 жылы бой көтерген тұрғын үйлердің бірі. Әбден тозған су құбыры күздің қара суығында жарылып, тұрғындарды әбігерге салған. Бүгін – судың тоқтаусыз ағып жатқанына үшінші күн. Тұрғындар аққан ыстық судың салдарынан үйдің кіреберісі буланып, пәтер іші бүлініп жатыр дейді. Сөздеріне сенсек, аталған мәселе жылда қайталанатын көрінеді. Азаматтар жергілікті билікке де жаз бойы жөндеу жұмыстары қажет екенін алға тартып, мәселелерін жеткізуге тырысқан. Бірақ оған бас қатырып, балтыры сыздағандар табылмапты.
"Жертөледе ешқандай жағдай жоқ. Бүкіл жылу, ыстық, суық су құбырлары шіріп кеткен. Бұл заманда полипропиленге ағаш шеге қаққанды бірінші рет көрдім. Осыдан екі күн бұрын құбыр жарылды. Бесінші қабатқа дейін көгеріп, сасып кеткен. Бұған дейін әкімдікке де көрсеттік, күрделі жөндеуге ақша жоқ, ағымдағы жөндеу жасалады деген, ол да жоқ", - дейді Сәтбаев қаласының тұрғыны Жігер Сәменбаев.
"Үйдің бәрі бу болып тұр, еден көтеріліп, жасаған жөндеуіміз далаға кетті. Түсқағаз жыртылып жатыр. Әр метр сайын су ағып, атқылап, фонтан болып жатыр. Бізге пропилен салып берсін. Жалғыз мен емес, бүкіл халық осыны айтады", - дейді тағы бір тұрғын Айшолпан Оспанова.
Тұрғындармен бірге жертөлеге түсіп, жағдайды тілшілер де көзімен көрді. Мәселен, Шаталюк көшесіндегі №20 үйдің тұрғындары мәселенің неге шешілмей жатқанын сұрау үшін жауапты тұрғын үй-коммуналдық орталығына барған еді, мекеменің басшылығын орнынан таппады. Ал коммуналдық қызметке жауапты мекеме мұндағы 393 үйге, оның ішінде 156 ағаш үйге қызмет көрсетеді. Бұл баспананың барлығы жылу маусымы кезінде толықтай тексерістен өткен екен. Мекеме өкілдері «жарылған құбыр жөнделді, тұрғындардың шу көтеруіне еш негіз жоқ» дейді.
"Шаталюк көшесіндегі №20 үйдегі ахуалдың ретке келтірілді. Біздің мекемеге ағымдағы жұмыстар кіреді. Күрделі жұмыстарға хаттама беріліп, тұрғындардың келісімі бойынша ғана жүргізіледі. Бүгінде жағдай шешімін тапты", - деді коммуналдық қызметке жауапты мекеменің басшысы Гүлфайруз Мұсаева.
Осылайша, жауапты мекеменің өкілдері құбыр жөнделді, судың ағысы тоқтатылды дегенді алға тартты. Алайда тұрғындар бұл сөзді жоққа шығарып отыр. Олардың айтуынша, сол үйдің өзге дәлізінің жертөлесі ғана қалыпқа келіпті. Жұрт олқылықтардың орнын уақытылы толтырмаса, қыс қылышын сүйретіп келе жатқанда жағдайымыз не болар екен деп алаңдайды.
Алтынгүл Төлегенова, Наргиз Жанабекова, Аlmaty TV, Ұлытау облысы
Оқи отырыңыз: Қарағанды облысындағы ауыл тұрғындары 50 жылдан бері жолмен жүруді армандап келеді