Бұқар жырау ауданының билігі жоспарлы жұмыс кестеге сәйкес жүріп жатыр деп сендірді
Қарағанды облысына қарасты Қушоқы кентінің тұрғындары 50 жылдан бері жолмен жүруді армандап келеді. Елдімекенде кеңестік кезеңнен бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Ал жергілікті билік талап қойған ел-жұртты жыл сайын құрғақ уәдемен шығарып салатын көрінеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Қушоқы кентінің тұрғындарын жолдың жыры сарсаңға салғанына жарты ғасырға жуықтапты. Азаматтар алдағы үш жылда маза қашырған мәселенің шимайы шешілмейтін сыңайлы деп отыр. Себебі елдімекенде су құбырының құрылысы басталған. Алайда жоспар бойынша жолды жөндеуге жауаптылар келер жылы іске кірісуі тиіс еді. Бірақ мердігерлік ұйым су құбырын жүргізуді аяқтап үлгермеген.
"Шұңқырлардан аяқ алып жүру мүмкін емес. Тіпті кешке жұмыстан қайтқанда тобығыңызды сындырып ала жаздайсыз. Ойдым-ойдым жол әбден әбігерге салды", - деді Қушоқы кентінің тұрғыны Татьяна Бегарь.
Жаңбырлы күндері жол саз-батпаққа айналады дейді ашынған ағайын. Ал мектепке барар балалар резіңке етік киюге мәжбүр. Онысы аздай, кентте су құбырын салу бойынша жөндеу жұмыстары мүлдем тоқтап тұрған көрінеді. Электр желілерін ауыстырудың да сыйқы соның кері. Мәселен, мұндағы көшелерді жарықтандыруға бюджеттен 40 миллион теңге бөлініпті. Үп еткен жел тұрса жарықсыз қалып, қылар амал таппаған қараша «жарығы тұр жағылмай, көшені табу қиын жаңылмай» деп налиды.
"Бір апта бұрын әкімдікке хабарластық. "Бәрін жасаймыз" деп қу шөппен ауыз сүртіп, құрғақ уәдені үйіп төкті. Бірақ ештеңе жасалмады. Күн райы күрт құбылса, жарық сөніп қалады. Көше жарығы мүлдем жанбайды. Кешкілік үнемі үрей құшағында жүреміз", - дейді Қушоқы кентінің тұрғыны Татьяна Федоренко.
Әйтсе де, Бұқар жырау ауданының билігі жоспарлы жұмыс кестеге сәйкес жүріп жатыр деп сендірді. Жобада жаңа кәріз желілерінің де құрылысы қарастырылған көрінеді.
"Су құбыры, кәріз желілері бойынша басталған жұмыстар аяқталмайынша, жол жөндеу жұмыстары жүргізілмейді. Күрделі мәселе бойынша тұрғындардың өтініш-шағымдарын ескереміз. Жоспар бойынша межелі уақытта істі қолға аламыз. Біздің аудан бойынша 2025 жылға дейін 11 елдімекенді қамту қарастырылған. Айталық, мәселен су құбырымен байланысты еш проблема жоқ", - деді Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары Берік Көпбаев.
Сарғайған сағым, аңсаған арманға айналған жаңа жолды қушоқылықтарға әлі үш жыл сарыла күтуге тура келеді. Жауаптылар тиісті жұмыстарды тек 2027 жылдың соңында "Ауыл - ел бесігі" бағдарламасы аясында бастауды жоспарлап отыр.
Жанбота Рахметуллаұлы, Аlmaty TV, Қарағанды облысы
Оқи отырыңыз: Ұлттық құндылықты ұлықтаудың өзі бақыт – қызылордалық қолөнер шебері