Үш жылда 300 заң: депутаттар жаңа Конституциядан не күтеді

30.06.2026 20:55

1995 жылдан бері жұмыс істеп келген қос палаталы Парламент өз миссиясын аяқтап, тарих қойнауына кетті

«Елдің дамуы үшін жаңашыл әрі батыл қадамдар жасау – уақыт талабы». Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының соңғы бірлескен отырысында айтты. Президент депутаттардың осы уақытқа дейін атқарған жұмысына жоғары баға беріп, олардың еңбегі Парламент тарихында ерекше орын алып, халық жадында сақталатынын атап өтті. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы бұл кезең елдегі саяси реформалардың жаңа бағытына жол ашатын маңызды белес екенін жеткізді.

1995 жылдан бері жұмыс істеп келген қос палаталы Парламент өз миссиясын аяқтап, тарих қойнауына кетті. Бүгін Мәжіліс пен Сенат Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен соңғы бірлескен отырыстарын өткізді. Осылайша, қазіргі шақырылым өз жұмысын ресми түрде аяқтап, елдің саяси тарихындағы кезеңдердің біріне айналды. Жиынға қатысқан Мемлекет басшысы тәуелсіз Қазақстанның құқықтық жүйесін қалыптастыру мен дамытуға үлес қосқан барлық депутаттарға алғыс білдірді.

Президенттің сөзінше, тек кейінгі үш жылдың өзінде 300-ден астам өте маңызды заң қабылданыпты. Олардың қатарында тарихи мәні зор конституциялық заңдар мен кодекстер бар.

«Әділетті әрі Қуатты Қазақстанды құру үшін қажырлы еңбек еттіңіздер. Сіздердің табанды, мардымды еңбектеріңіз еліміздің жылнамасында қалатынына күмән болмауы керек. Дегенмен уақыт бір орында тұрмайды, зымырап өтіп жатыр. Көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатқан қазіргі кезеңде шын мәнінде жаңашыл әрі батыл қадамдар жасалуға тиіс. Осы өзекті мәселені мен бұрын да бірнеше рет айтқам. Бұл – заман талабы», – деді Мемлекет басшысы.

Президент қазіргі депутаттар құрамының жұмысын ерекше атап өтіп, бұл шақырылымды Қазақстан тарихындағы ең мықты Парламенттердің бірі деп бағалады.

«Біз 7 заң жобасын дайындадық. Соның екеуіне Мемлекет басшысы қол қойды, бесеуі әлі аяқталмай қалды. «Халық» партиясы Құрылтайда да ұсынылады деп үміттенемін. Сол кезде оларды толық аяқтап, соңына дейін жеткіземіз. Мен көтерген сұрақтар бойынша  мүгедек балалары бар ата-аналарға грант арқылы жұмыс істеу мәселесі заңға енгізілді. Ет экспорты туралы мәселе көтердім, өйткені ет тым көп сыртқа кетіп, ішкі нарықта тапшылық болды. Содан кейін экспортқа тыйым салынды. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізімін кеңейтуді талап еттім. Ол 19-дан 33-ке көбейді», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Магеррам Магеррамов.

Елде ертеңнен бастап жаңа Конституция күшіне енеді. Мемлекет басшысы бұл өзгерісті ел тағдырына тікелей әсер ететін маңызды тарихи оқиға деп атады. Яғни, жаңа заңға сәйкес Құрылтай сайлауы өтеді. Президенттің айтуынша, алдағы сайлаулар ашық әрі әділ түрде өтуі керек. Ал кейін Құрылтай қоғамдағы өзекті мәселелерді дер кезінде көтеріп, шешім іздеуге назар аударуы тиіс. Депутаттар да бұл өзгерістерге үлкен үміт артып отыр және жаңа жүйе ел дамуына оң әсер береді деп күтуде.

«Мен ең маңызды заңдардың бірі – әйелдер мен балаларға қарсы зорлық-зомбылықпен күресуге бағытталған заң деп есептеймін. Бұл адам өмірін сақтауға көмектеседі. Осындай маңызды бастамалар көп болды, біз оларды қолдап өттік», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Никита Шаталов.

.«Құрамы жағынан да, салмағы жағынан да, мазмұны жағынан да бір жаңа құрылым болады деп күтіліп отыр. Сондықтан да оның жұмысынан үлкен өзгерістерді ел күтеді деп ойлаймын. Құрылтай құрамына мемлекетшілдікті сақтауға, біздің елімізді дамытуға бар күш-жігерін салатын білімді, білікті азаматтар шоғыры жинақталатын болар деп күтеміз», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп.

.Айта кетейік, Құрылтай сайлауының нақты қашан өтетіні әзірге белгісіз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін бірқатар маңызды құжаттарға, оның ішінде Құрылтай сайлауын өткізу туралы жарлыққа қол қоятынын мәлімдеді. Ал жаңа Конституцияға сәйкес Құрылтай Қазақстандағы бірпалаталы Парламенттің жаңа құрамы ретінде жұмысын бастайды.

Мәди Бижан, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астана

Оқи отырыңыз: