ҚҚС жоғары сапалы өнім өндіретін шағын бизнеске барынша жағдай жасалуы қажет
Елімізде шағын және орта бизнесті дамытуға айрықша мән беру керек. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлығының лауреаттарын, «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
«Мен Мемлекет басшысы ретінде шағын және орта бизнесті дамытуға айрықша мән беріп отырмын, негізгі мәселенің бәрі де менің жеке бақылауымда. Үкімет кәсіпкерлікті жандандыру үшін ауқымды жұмыс істеп жатыр, кедергілерді жою үшін нақты шаралар қолдануда. Дегенмен әлі де шешімін таппаған өзекті мәселелер мен түйткілдер аз емес, оны біз ашық түрде мойындаймыз. Ең алдымен, қосылған құны жоғары сапалы өнім өндіретін шағын бизнеске барынша жағдай жасалуы қажет. Мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсете отырып, кәсіпкерлеріміздің өз істерін кеңейтіп, жаңа деңгейге шығуына серпін берген жөн. Мұны кәсіпкерлікті дамыту саясатының маңызды шарты деп айтсақ, артық болмайды», - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент инфляцияны тұрақтандыруды және төмендетуді, экономиканың орнықты өсімін қамтамасыз етуді, сондай-ақ азаматтардың нақты табыс табуына жағдай жасауды Үкіметтің өзекті міндеті ретінде атады.
«Үкімет жүргізіп отырған экономикалық саясат аясында инфляцияны тұрақтандыру және төмендету, экономиканың орнықты өсімін қамтамасыз ету, сондай-ақ азаматтардың нақты табыс табуына жағдай жасау өте өзекті міндет саналады. Осы бағытта таяуда Үкімет, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2026-2028 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл бағдарламасын қабылдады. Мен бұл жайында ауыл әкімдерінің диалог-платформасында айтқан едім.
Аталған бағдарламаны тиімді жүзеге асыру үшін барлық салалық органдар мен әкімдіктер жұмыла жұмыс істеуі қажет екенін тағы да атап өткім келеді. Кәсіпкерлер үшін салық, тариф және реттеу саясатының айқын әрі әділетті болғаны ерекше маңызды. Жаңа Салық кодексі мемлекет пен бизнес арасындағы ынтымақтастық моделін жаңғыртады. Кәсіпкерліктің орнықты дамуы өзара міндеттерді орындауға негізделетінін түсінгеніміз жөн. Осы орайда мемлекет қолайлы іскерлік орта қалыптастырады. Ал бизнес салықтан жалтармайды. Бұл дамыған, өркениетті елдердің барлығына тән», - деді Мемлекет басшысы.
Оқи отырыңыз: Еліміздің ішкі жалпы өнімі алғаш рет 300 млрд доллардан аспақ - Президент