Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу: 300 мыңнан астам адамның ісі қайта қаралды

31.05.2025 10:23

Ресми дерекке сүйенсек, 1937-1954 жылдар аралығында Қазақстанда 3,7 миллион адам сотталып, 640 мыңы атылды

Саяси қуғын-сүргін жылдары қазақ жерінде Карлаг, Степлаг, АЛЖИР сынды 11 лагерь жұмыс істеген. Аталған азапқа толы түзеу мекемелерінде 2 миллионға жуық адам жазықсыз жаза өтеді деген дерек бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін қазақ даласына кеңестік саясат ене бастады. 1920 жылдары мәжбүрлі ұжымдастыру салдарынан көшпелі өмір салты тоқтатылып, миллиондаған мал басы тартып алынды. Соның салдарынан, 1921-1922 жылдары алғашқы ашаршылық болып, 1 миллионға жуық қазақ қырылды. 1930-1933 жылдары тіркелген екінші аштықта ресми дерек бойынша тағы 2 миллион адам көз жұмған. Кейбір зерттеушілер дерек әлдеқайда көп болуы мүмкін дегенді алға тартады.

«Ашаршылықтан кем дегенде 3 миллион адам көз жұмды. Ал кем дегенде 1 миллион адам қуғын-сүргінге ілікті. Оның 25 мыңы атылды. яғни 25 мың ба? Одан да көп па? Әлде оны тереңірек зерттеу керек. Біз біле бермейтін, әлі түсіндіре алмай жатқан қырлары көп», – деді тарих ғылымдарының докторы, профессор Ханкелді Әбжанов.

Ашаршылықтың зардабы басылмай жатып, қарт тарихтың қанды беті 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргінге ұласты. Ресми дерекке сүйенсек, 1937-1954 жылдар аралығында Қазақстанда 3,7 миллион адам сотталып, 640 мыңы атылды. Оның 103 мыңы саяси айыппен сотталғандар. Тағы 25 мыңына ату туралы үкім кесілген. Бұлардан өзге 650 мемлекет және қоғам қайраткері жазықсыз жазаға ұшыраған.

«Большевиктік билік Қазақстанда 74 жыл өмір сүрді. Сол жылдардың әр күні қуғын-сүргінмен өтті. Алаш үкіметінің мүшесі Отыншы Әлжановты өлтірді. Одан кейін жалғасып кете берді, кете берді, кете берді...», – деді тарих ғылымдарының докторы, профессор Ханкелді Әбжанов.

Репрессия жылдары Қазақстанда Карлаг, Степлаг, АЛЖИР сияқты 11 лагерь болған. Мұндай түзеу мекемелерінде 2 миллионға жуық тұтқын азап шекті. Ал  5,6 миллион адам Қазақстанға күшпен көшірілді.

«Ашаршылық Қазақстан үшін ұлттық апат болды. Бұл үш дүркін өтті. 1917-1918 жылдары Оңтүстік өңірде Түркістан өлкесінде. Ал 1921-1923  жылдары Қазақстан өңірінде. Ал енді 1931-1933 жылдары 2 өлке біріккеннен кейін, халықтың жартысы қырылып қалды. Зерттеулер жүріп жатыр», – деді  «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары Бейбіт Қойшыбаев.

Тәуелсіздік алған тұста тарихи әділдікті орнатуға айрықша мән берілді. 1993 жылдың өзінде-ақ «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданды. Ал 2020 жылы Мемлекеттік комиссия құрылып, 425 ғалым мен зерттеуші 2,6 миллионнан астам құжаттың құпиясын ашқан.

«Үш жыл комиссия үлкен жұмыс істеді. Бүкіл шетелдегі архивтерден Қазақстанға байланысты құжаттың бәрін әкелді. Қазір негізгі комиссия жұмысын тоқтатқанмен, жұмысшы топтар зерттеп жатыр. Құжаттар, материалдар кітап болып шығып жатыр. Сондықтан қазақ халық жоғалтқан туыстарын табады, қауышады деген үмітіміз бар», – деді Саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар қауымдастығының төрағасы Жұмабек Ашуұлы.

Айта кетейік, аталған комиссия жұмысының негізінде 311 мыңнан астам адамның ісі қайта қаралған. Табылған, анықталған деректер топтастырылып, 72 томдық жинақ жарыққа шықты. Бүгінде бұл жұмыс арнайы орталықта жалғасуда, барлық материал цифрлы форматқа көшіріліп жатыр.

Мәди Мәлік, Хангелді Ахметханов

Оқи отырыңыз: Алматыда 1 маусым күні балалар метромен тегін жүре алады