Сайлау қарсаңында дипфейк жиілеуі мүмкін: қазақстандықтарға ескерту жасалды

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы азаматтарды ақпаратты тек ресми дереккөздерден тексеруге шақырды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

 

Ақпараттық кеңістікте жасанды интеллект технологияларының көмегімен дайындалған, саяси партиялар өкілдерінің бейнесі заңсыз пайдаланылған бейнематериалдар таралғаны туралы деректер тіркеліп жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығынан хабарлағандай, мұндай материалдар қоғамдық пікірге ықпал ету және ақпараттық манипуляция жасау құралдарының бірі саналады.

Олар сайлау процесіне қатысушылардың беделін түсіруге, қоғам назарын саяси партиялардың сайлауалды бағдарламалары мен үгіт жұмыстарының мазмұнынан басқа арнаға бұруға, сондай-ақ дауыс беру қарсаңында қоғамдық маңызы бар ақпарат туралы бұрмаланған түсінік қалыптастыруға бағытталуы мүмкін.

Осыған байланысты саяси партиялардың атынан жарияланатын кез келген мәлімдеме, үндеу, бейнематериал мен өзге де ақпараттық жарияланымдар тек тиісті саяси партиялардың ресми ақпараттық ресурстарында жарияланған немесе жарияланған ақпараттың дұрыстығына жауапты тіркелген бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратылған жағдайда ғана сенімді ақпарат көзі ретінде қарастырылуы тиіс екеніне назар аударамыз.

Азаматтарды ақпараттық қырағылық танытуға, таратылып жатқан контентке сыни көзқараспен қарауға және оның шынайылығы расталғанға дейін одан әрі таратудан бас тартуға шақырамыз.

Егер материалдан жасанды интеллект арқылы генерациялау, монтаждау немесе нақты айтылған мәлімдемелерді бұрмалау белгілері байқалса, ақпаратты ресми дереккөздер арқылы тексеріп, жалған ақпарттың таралуына жол бермеу ұсынылады.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда қалай судья болуға болады