Сайлаудан кейінгі Қазақстан: Вице-президент лауазымы, Құрылтай мен Үкімет қалай жасақталады

Фото: parlam.kz
Фото: parlam.kz

Президент Құрылтайдың бірінші сессиясын сайлау қорытындысы жарияланған күннен бастап 30 күннен кешіктірмей шақыруға тиіс

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Құрылтай сайлауы да өтті. 24 тамызда Орталық сайлау комиссиясы оның алдын ала нәтижелерін жариялады. Бір палаталы Құрылтай сайлауынан кейін елдегі басқару жүйесі қалай өзгеретіні жаңа Конституцияда айқын жазылған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

1. ОСК сайлаудың түпкілікті қорытындысын шығарады.

Партиялар сайлау қорытындысы бойынша иеленген мандат санына қарай депутаттыққа іріктелген тізімдерін ұсынады. Осыдан кейін депутаттар тіркеледі. Сайлау нәтижесіне қатысты дау болса, оны белгіленген тәртіппен Конституциялық Сот қарай алады. Әзірге ондай дау туындаған жоқ.

2. Құрылтайдың бірінші сессиясы шақырылады.

Президент оны сайлау қорытындысы жарияланған күннен бастап 30 күннен кешіктірмей шақыруға тиіс. Бірінші сессияда депутаттар халыққа ант береді.

3. Алғашқыда Құрылтай төрағасы сайланады.

Төраға депутаттардың арасынан жасырын дауыс берумен, жалпы құрамның көпшілік даусымен сайланады. Кандидатураны Президент ұсынады. Бірінші сессияда төраға сайланғанға дейін отырысты ОСК төрағасы жүргізеді.

4. Төрағаның үш орынбасары сайланады.

Оларды Президент тағайындамайды. Құрылтай төрағасының ұсынысымен депутаттардың жалпы санының көпшілігі сайлайды.

5. Вице-президентті Президент тағайындайды.

Бірақ оған Құрылтайдың келісімі керек. Бірінші шақырылған Құрылтайдың бірінші сессиясы ашылған күннен бастап екі ай ішінде Президент Вице-Президентті тағайындауға тиіс.

6. Жаңадан сайланған Құрылтай алдында Үкімет өз өкілеттігін тоқтатады.

Бірақ бұл - Үкімет бірден жұмысын тоқтатады деген сөз емес. Жаңа құрамы бекітілгенге дейін қазіргі Үкімет міндетін атқара береді.

7. Премьер-министр.

Президент Құрылтайда өкілдігі бар партиялардың фракцияларымен консультация өткізеді. Содан кейін Премьер-министр кандидатурасын Құрылтайға келісуге ұсынады. Құрылтай депутаттарының жалпы санының көпшілігі келісім берген соң Президент Премьер-министрді тағайындайды.

Президент ұсынған, Құрылтайдың келісімін қажет ететін лауазымға кандидатураны қайтадан мақұлдамаса, Президент Құрылтайды таратуға құқылы. Бұл Премьер-министрге де, Вице-президентке де қатысты. Құрылтай төрағасын сайлаудан екінші рет бас тартылса да, Президенттің Құрылтайды таратуына болады.

8. Жаңа министрлер кабинеті жасақталады.

Премьер-министр тағайындалғаннан кейін 10 күн ішінде Президентке Үкіметтің құрылымы мен құрамы жөнінде ұсыныс енгізеді. Президент Үкіметтің құрылымын айқындап, Премьер-министр ұсынған министрлерді Құрылтаймен консультациядан кейін тағайындайды. Ал сыртқы істер, қорғаныс және ішкі істер министрлерін Президент дербес тағайындайды.

9. Конституциялық соттың жаңа құрамы.

Бірінші шақырылған Құрылтайдың бірінші сессиясы ашылған күннен бастап екі ай ішінде Конституциялық соттың төрағасы мен судьялары тағайындалуға тиіс.

Қысқа хронология

23 тамызҚұрылтай сайлауы өтті.

24 тамыз – ОСК алдын ала нәтижені жариялады.

Келесі кезең – депутаттарды тіркеу.

Одан кейін 30 күнге дейін – Құрылтайдың бірінші сессиясы.

Бірінші сессияда – ант қабылдау, Құрылтай төрағасы, кейін оның үш орынбасары сайланады.

Бірінші сессиядан кейін 2 айға дейін – Вице-президент тағайындалады және Конституциялық соттың жаңа құрамы жасақталады.

Жаңа Құрылтай алдында – Үкімет өкілеттігін доғарады, бірақ жаңа кабинет бекітілгенше жұмысын жалғастырады.

Премьер-министрдің кандидатурасын Президент ұсынады → Құрылтай келіседі → Президент тағайындайды.

Премьер тағайындалғаннан кейін 10 күн ішінде – жаңа Үкіметтің құрылымы мен құрамы бойынша ұсыныс беріледі.

Оқи отырыңыз:  Халықаралық байқаушылар сайлауға неліктен жоғары баға бергенін түсіндірді