Сақ болыңыз: балаңызға жаңа жылдық киім аларда нені ескеру керек

Мамандар «жаңа жылдық костюм баланың ары-бері қозғалуына кедергі келтірмеуі керек» дейді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Балаңызға жаңа жылдық киім аларда абай болыңыз! Өйткені сіз таңдаған костюмнің сапасы техникалық регламент талаптарына сәйкес келмеуі мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жүргізілген тексеріс нәтижесінде балалар киімінің 22 пайызы техникалық регламент талаптарына сай болмай шыққан. Оның дені – жаңа жылдық костюмдер. Бірінен өткір химиялық иіс анықталса, енді бірінің матасы тек синтетикадан тігілген. Кейбірінде тіпті тауар туралы толыққанды ақпарат жазылған жапсырма болмаған. Ал қолданыстағы ереже бойынша шетелден келген тауарлар туралы мәлімет қазақ және орыс тіліне аударылып, киіммен бірге тұтынушыға берілуі тиіс.

«Карнавалды костюмдерді алғанда міндетті түрде ол киімдердің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттарын сұрауға әрбір тұтынушы құқылы. Ал дүкендер оны беруге міндетті. Сондықтан, әрбір тұтынушымызға балалар өнімдерін, оның ішінде карнавалды костюмдерді алған кезде міндетті түрде сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжатты сұрауға кеңес береміз», – деді ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің бас сарапшысы Данагүл Қасқатаева.

Жауапты ведомство мерекелік киім аларда тауардың таңбасы мен құжаты, бағасынан кейін сапасына да ерекше мән беру керек екенін ескертті. Өйткені, матаның құрамында химикат, түрлі бояу болуы ықтимал. Ал бұл бала денсаулығына кері әсер етеді. Тіпті түрлі ауруларға душар етуі мүмкін. Алайда көпшіліктің карнавалдық костюмдерге деген пікірі әртүрлі. Оны бір күндік киім ретінде санап, сапасы мен құрамына мүлде назар аудармайтын көрінеді.

БЛИЦ:

«Бір күндік кешке күшті деп айта алмаймын. Бір 3-4 сағат киіп, лақтыра салатын киім ғой. Киміне байланысты сыйлық береді».

«Жеке басым қатты мән бермеймін. Ол бір рет киілетін киім болғандықтан сапасына қарамайды екенмін».

Мамандар «жаңа жылдық костюм баланың ары-бері қозғалуына кедергі келтірмеуі керек» дейді. Киім денені қыспай, теріні қажамауы керек. Қалың әрі көлемді костюмдер жабық ғимаратта бала денесінің қызуына әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан, тауарды сатып аларда матаның құрамына баса назар аудару қажет.

Диана Тұрлыбек, Рашиддин Якупов

Оқи отырыңыз: Ұлытау облысында балық аулауға шығып, жоғалып кеткен азаматтар табылды

Новости партнеров