Самокатты жалға беру шарттарына өзгеріс енгізілбек

26.11.2025 15:50

Сала мамандары Алматыда қозғалыс құралына арналған кем дегенде 4000-ға жуық орын дайындауды жоспарлаған.

«Жалға берілетін самокаттың нөмірлік белгісін үлкейту, 18 жасқа толмағандарды қозғалыс құралына мінгізбеу – елде қалыптасқан ахуалды реттеуге мүмкіндік береді». Сала мамандары осылай дейді. Сонымен қатар олар самокатты жүйеге жеке сәйкестендіру нөмірін тіркегендер ғана жалға алса, заң бұзғандар саны азаятынын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Себебі, транспорттың бұл түріне қатарласып мінгесіп алатындардың, жылдамдықты шамадан тыс асыратындардың үлесі әлі бәсеңдемей тұр. Сарапшылардың айтуынша, аталған мәселелер шешімін тапса, көшедегі көлік жүктемесін төмендетуге, ауа сапасын жақсартуға әсер беретін самокаттардың тиімділігі арта түспек.

«Самокатқа сұраныс жоғары. Тұрғындардың қалауын қанағаттандыру үшін инфрақұрылымды жақсартуымыз керек. Осыған орай бірнеше ұсынысымызды ортаға салдық. Жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы тұрғындарға қозғалыс құралын берер болсақ, камералар арқылы заң бұзғандарды анықтай алатын едік. Ал бұдан бөлек, халық көп жүретін аймақта самокаттың жылдамдығын шектейтін жобаны енгіздік. Біріңғай оператор жүйесін де іске қостық. Сол арқылы қызметкерлер айналада шашылған самокаттарды ретке келтіреді», – деді  Самокатты жалға беретін компанияның өкілі Мусалав Әлібеков.

Жиында талданған тағы бір мәселе – самокат тұрағы. Сала мамандары Алматыда қозғалыс құралына арналған кем дегенде 4000-ға жуық орын дайындауды жоспарлапты. Сондай-ақ олар жаяу жүргіншілер жолында тұрғындардың басымдыққа ие болуына жағдай жасау кере екенін сөз етті.

Атап өтейік, бүгінде бір күнде 100 мыңнан аса алматылық самокат пайдаланады. Ал 4 жылдың ішінде бұл қозғалыс құралын еліміздің 2 миллионнан аса тұрғыны қолданған.

«Алматы қаласында самокаттар өте жақсы дамыған. Мәжілісте  Алматыда самокаттарды мүлдем рұқсат етпеу жөнінде мәселе көтерілді. Алматыда кептеліс көп, біріншіден. Екіншіден, экология мәселесі бар. Сондықтан таза ауа керек», – деді  «Respublica» партиясы қалалық филиалының төрағасы Шолпан Әбдіхалықова.

Оқи отырыңыз: Алматыда азаматтық орталықтар мен қоғамдық ұйымдардың байланысы нығая түспек