Ұшақ апаты Қазақстан жерінде болғандықтан оқиғаны Бас прокуратура басты назарға алды
Баку-Грозный бағытында рейске шыққан Embraer 190 жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына байланысты 26 желтоқсан Әзербайжанда аза тұту күні деп жарияланды. Республика президенті Ильхам Әлиев Жарлыққа қол қойды. Ал Ақтау қаласының маңында құлаған ұшақ апатының себеп-салдарын үкіметаралық, ведомствоаралық комиссия анықтауға кірісіп кетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бакуден ұшып шыққан ұшақ негізі Грозныйға қонуы керек еді. Алайда тұманға байланысты олар қабылдай алмаған. Грозный әуежайы таратқан ақпаратта әуекөлігі әуелі Махачкалаға бағытталыпты, кейіннен Ақтауға жіберілген. Шетелдік ақпарат агенттіктерінің сөзіне сенсек, Embraer 190 ұшағы басқару жүйесінің істен шыққанын сағат 10:35-те хабарлап, апат сигналын таратқан. Ал шамамен, сағат 11:20-да ұшқыштар Ақтау әуежайына қонуға рұқсат сұраған. Бірақ жақындаған кезде әуекөлігіне құстар соғылған көрінеді. Сөйтіп басқару құрылғысы істен шыққан ұшақ қала маңында 2 минуттай айналшықтап қона алмайды. Жолаққа жете алмаған әуе көлігі қаладан 30 шақырым жердегі ауыл маңында апатқа ұшырады.
Соңғы дерекке сәйкес, Әзербайжан әуекомпаниясына тиесілі әуе көлігінде экипаж мүшелерімен қосқанда 69 жолаушы болған. Оның 16-сы Ресей, 37-сі Әзірбайжан, үшеуі Қырғызстан, ал алтауы Қазақстан азаматы. Өкінішке қарай, 6 отандасымыз аман қалған 32 адамның арасынан табылмады. Ал қалғанының жағдайы әлі де ауыр.
"Барлық медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр. Жедел медициналық көмектің барлық құрамы жұмылдырылған", – деді Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бекбол Ізбасаров.
Апатқа қатысты түсте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен, Ақтауға Астанадан санитарлық авиация жіберіліп, зардап шеккендерге барлық қажетті көмек көрсетілді. Одан бөлек вице-премьер Қанат Бозымбаевтың басқаруымен мемлекеттік комиссия құрылды. Сонымен қатар Илхам Әлиевтің тапсырмасымен де мемлекеттік комиссия жасақталып, Әзербайжан Республикасының делегациясы Ақтауға жетті.
"Қазіргі уақытта авариялық-құтқару жұмыстары жалғасуда. Астана қаласындағы Командалық орталықта және Маңғыстау облысының ТЖД-да жедел желі телефондары жұмыс істейді, оған 296 қоңырау түсті. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің тізімі нақтылануда", – деді ҚР ТЖМ Төтенше жағдайлардың алдын алу комитетінің басқарма бастығы Әсет Жылқайдаров.
Ұшақ апаты Қазақстан жерінде болғандықтан оқиғаны Бас прокуратура басты назарға алды. Бірақ мән-жайды үкіметаралық комиссия анықтайды. Сондай-ақ аталған іске қатысты құрамына көлік прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігі және Төтенше жағдайлар министрлігінің тәжірибелі қызметкерлері кірген тергеу-оперативтік тобы да жұмыс істеп жатыр.
Айта кетейік, бүгін құлаған Embraer 190 ұшағы 2013 жылы Бразилияда құрастырылған. Содан бастап Әзербайжан Airlines әуекомпаниясына тиесілі әуекөлігі тек Ресей аумағына ұшып жүрген.
Мадина Оқас, Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Маңғыстау облысынан
Оқи отырыңыз: Ұшақ апаты: Ақтауда ел азаматтары қан тапсыру орталығына жиналды