Сарапшылардың айтуынша, заң жобасы ешкімнің құқығын шектемейді
«Санасы уланған ұлттың болашағы бұлыңғыр». Бүгін Алматыда ЛГБТ насихатына қарсы заң талқыланды. Қоғам белсендісі әрі петиция авторы Бағила Балтабаеваның айтуынша бұл бастамаға қазақстандықтардың басым бөлігі қолдау білдіріп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Бір жыныстылардың «махаббатын» насихаттау тұтас ұлтымыздың тағдырына балта шабумен тең». Алматыда ЛГБТ насихатына қарсы заңды талқылауға жиналғандар осылай деп пікір білдірді. Белсенді азаматтардың айтуынша, бұл тек біздің қоғам емес, бүкіл адамзат үшін қауіпті. Өйткені үрдіс бала туу көрсеткішінің азаюына себеп болып, демографиялық өсімді тоқтатады.
«ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салуды ЛГБТ-ны жоққа шығару деп түсінудің қажеті жоқ. Бізде жасөспірімдер бар ғой, солар қазіргі кезде ақпараттың бәрін ғаламтордан алады. Ал ЛГБТ-ны насихаттау интернет арқылы жүреді. Сондықтан бұл – насихаттардың алдын алып ,тыйым салу», – деді заңгер Бағдат Амандосұлы.
Сарапшылардың айтуынша, заң жобасы ешкімнің құқығын шектемейді. Мәселен Ресей, Мажарстан, Грузия және тағы басқа алыс-жақын шет елдерде ұқсас заңнамалық шаралар әлдеқайда бұрын қабылданған.
«Ол заңның басты мақсаты – белгілі бір тұлғаларға, ЛГБТ өкілдере тыйым салыну емес. Ол – тек балалардың санасына кері әсерін тигізетін ақпаратан қорғайтын заң», – деді қоғам белсендісі Бағила Балтабаева.
Еске салайын, шамамен бір ай бұрын Мәжіліс депутаттары ЛГБТ насихатына қарсы заңды мақұлдаған. Құжатқа сәйкес, онлайн платформалар мен бұқаралық ақпарат құралдарында мұндай мазмұндағы ақпаратты таратуға болмайды. Сонымен қатар фильмдер, мультфильмдер мен кітаптарда бір жынысты насихаттау заңсыз деп танылады. Қазір заңнама Сенат қарауында.
Гүлмарал Изатқызы, Думан Дәулетбақұлы
Оқи отырыңыз: Өзгенің қаңсығын өзімізге таңсық етудің қажеті жоқ - Бағила Балтабаева