Санитариялық талаптар бұзылған: Денсаумин оқушылардың улануына байланысты мәлімдеме жасады
Ведомствода барлық науқастар емдеуге жатқызылғаны және олардың жағдайы тұрақты екені атап өтілді
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Алматыда оқушылар арасында ішек инфекциясының тіркелуіне байланысты жедел шаралар қабылданғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Министрлік мәліметінше, Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебі оқушыларының арасында ішек инфекциясының 48 жағдайының тіркелуіне байланысты санитариялық-эпидемияға қарсы кешенді іс-шаралар ұйымдастырылған.
"Тамақтану блогына тексеру жүргізіліп, санитариялық талаптардың бұзылуы анықталды. Бес қаулы шығарылып, шектеу шаралары енгізілді және дезинфекция жүргізілді. Науқастармен байланыста болған адамдар медициналық бақылауға алынды", — деп хабарлады министрліктен.
Сондай-ақ мамандар «Master Food» ЖШС-нің тамақтану блогын тексеру барысында азық-түлік өнімдерін сақтау, дайын тағамдардың тәуліктік сынамаларын алу және тамақтануды ұйымдастыру талаптарының бұзылғанын анықтаған. Қазір инфекция көзін анықтау мақсатында су мен азық-түлік өнімдерінен сынамалар, шайындылар алынып, тамақтану блогының қызметкерлері тексерілген.
"Зертханалық зерттеулер жалғасып жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша мектеп пен асхананың қызметін тоқтата тұруды, жекелеген тағамдарды сатуға тыйым салуды, уақытша санитариялық шектеу шараларын енгізуді және қажетті ілеспе құжаттары жоқ сүт өнімдерін алып қоюды көздейтін бес қаулы шығарылды", — делінген мәлімдемеде.
Ведомствода барлық науқастар емдеуге жатқызылғаны және олардың жағдайы тұрақты екені атап өтілді. Реанимациялық көмекті қажет ететін пациенттер жоқ.
Одан бөлек тексеру нәтижелері бойынша материалдар заңнамада белгіленген тәртіппен қарау және процестік шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жіберілген.
Ал Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қосымша деректермен бөлісті.
Департамент мәліметінше, ішек инфекциясы тіркелген 48 жағдайдың ішінде 36 жағдай 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталған. Науқастардың барлығы мектеп-интернатта тұрады. Оған қоса 225 байланыста болған адам медициналық бақылауға алынған.
Оқи отырыңыз: Елуге жуық оқушының улануына байланысты қылмыстық іс қозғалды