Шаңырақ-1 шағынауданында 100 шақырым су құбыры мен кәріз желісі тартылды

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс барысымен танысып, тұрғындармен тілдесті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алатау ауданындағы Ақкент шағынауданында көше-жол желісін жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Жоба аясында жалпы ұзындығы екі шақырым болатын жол мен тротуар жөнделуде. Қазіргі таңда жиектастар орнатылып, жүргіншілер жолының басым бөлігіне асфальт төселген. Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс барысымен танысып, тұрғындармен тілдесті, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Кездесуде жол сапасы, аулаларды абаттандыру, қоғамдық кеңістіктерді дамыту және инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру мәселелері көтерілді. Сонымен қатар «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында балалар ойын алаңдарын жаңарту жұмыстары қолға алынғаны айтылды. Әкім тұрғындардың ұсыныстары кезең-кезеңімен ескерілетінін жеткізді.

«Дархан мырза «шамамыз келгенше көмектесеміз» деп жатыр, рақмет! Көпбалалы отбасы болғандықтан жел соқса, қасбет құлап кете ме деп қорқамыз. Балалар жүгіріп ойнайды,  жолға асфальт төселсе деген өтініш білдірідік», – деді қала тұрғыны Жеңіс Молдасанов.

Жұмыс сапары Шаңырақ-1 шағынауданында жалғасты. Мұнда қала әкімі инженерлік инфрақұрылымды дамыту жобасының іске асу барысын тексерді. Қазір шағынауданда шамамен 100 шақырым су құбыры мен кәріз желілері тартылып, 10 кәріз-сорғы стансасының құрылысы жүргізіліп жатыр. Жоба толық аяқталғаннан кейін 12 мыңнан астам тұрғын сапалы әрі сенімді коммуналдық қызметпен қамтамасыз етіледі. Қала әкімі мердігер ұйымдарға құрылыс қарқыны мен сапасын қатаң бақылауда ұстап, барлық жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

«Бірінші мәселе – кәріз желісі. Жол жасалды, автобус бар, ойын алаңдары салынды. Отыз екі жыл болды Шаңырақта тұрам», – деді қала тұрғыны Роза Рысбаева.

«Шаңырақ-1 шағынауданында кәріз және су жүйесінің магистральдық және абоненттік линияларды қосу бойынша жұмыстарды атқардық. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары аяқталған. Бүгінгі таңда эксплуатациялық қызмет, «АлматыСу» мекемесіне тапсыру жұмыстары жүріп жатыр», – деді мердігер компанияның өкілі Айтуған Асанқұл.

Оқи отырыңыз: Алматы әкімі Қазақстан–Таиланд бизнес-форумына қатысты