Алматыда 130 мыңнан аса бала тегін мектеп асымен қамтылған
Сапалы тамақ – сау бала. Алматыда мектеп асханаларына бақылау күшейді. Санитар мамандар оқу жылы басталғанға дейін білім ордаларын аралап, тамақтану орындарынан 200-ден аса олқылық анықтаған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жаңа оқу жылы басталмай тұрып мектептерде тазалық пен қауіпсіздікке ерекше мән беріледі. 1 шілдеден бастап Алматыдағы білім беру ұйымдарында санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізіліп келеді. Мамандар мектеп ғимараттарын, асханалар мен тағам дайындайтын орындарды тексеріп, тиісті талаптардың сақталуын қатаң бақылауға алған.
«Алматы қаласы бойынша 360-тан аса мектеп бақылауымызда. Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысына сәйкес, 1 шілдеден бастап еліміздің барлық аумағында білім беру ұйымдарына, мектеп-интернаттар мен асханаларға санитариялық мониторинг жүргізілді. Алматы қаласы бойынша нысандардың 100%-ы қамтылды», – деді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова.¤
Мониторинг барысында тазалықпен қатар, тағамның қалай әзірленетініне, тіпті астың қандай температурада дайындалатынына дейін мән беріледі. Бұдан бөлек, асхана жабдықтары мен қызметкерлердің денсаулық жағдайы да назардан тыс қалмайды екен.
«Асханада жұмыс істейтін адамдар, олар міндетті түрде жұмысқа кірудің алдында медициналық сараптамадан өтеді. Асханаға бөтен адам кіре алмайды. Тек қана жұмыс істейтін адамдар және комиссия мүшелері де сараптамадан өтіп, кіруге рұқсат алады», – деді Алмалы ауданы білім бөлімінің басшысы Бақытбек Қалыжанов.
Бүгінде Алматыда 130 мыңнан аса бала тегін мектеп асымен қамтылған. Олардың қатарында бастауыш сынып оқушылары мен мемлекеттік қолдауға жататын белгілі бір санаттағы кәмелетке толмағандар бар.
Айта кетейік, білім ордаларындағы ас мәзірі оқу жылында екі рет өзгертіледі. Алдағы уақытта оны үш мәрте жаңарту жоспарланып отыр. Ал әзірге мектеп асханаларын тексеру апта сайын жүргізіліп, аталған жұмыстар жыл соңына дейін жалғаспақ.
Алина Серегина, Жақсылық Тілепберген
Оқи отырыңыз: Алматыда белгілі сауда орталығында кітап беру пункті ашылды