Сарбаз өлімі: Жаркент гарнизонындағы әскери бөлімде күдікті 4 адам ұсталды

18.11.2024 14:26

Қара жамылған отбасы "баламызды азаптап өлтірді" деп күдіктеніп отыр

Жаркент гарнизонындағы офицер Дархан Дәулетов қайтыс болған әскери бөлімге арнайы комиссия барды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Дархан Дәулетов 13 қарашада әскери бөлімге кезекшілікке барған. Туыстарының айтуынша, ол сол түні шамамен сағат 13:00-де қайтыс болған. Бірақ ата-анасына қаралы хабар таңертең жеткен. Жігіттің сүйегін көрген ағайындары «марқұмның аяусыз соққыға жығылғаны анық байқалады» дейді. Қара жамылған отбасы "баламызды азаптап өлтірді" деп күдіктеніп отыр.

"Денесін көкала қойдай ұрып тастаған. Қолы, аяғында жіптің іздері бар. Арқасының бәрін ұрған.  Бет-аузында гематомалар бар. Бас сүйегі жарылған. Біріншіден, істің әділ болуын етеміз. Дархан бауырымның ісіне қатысты адамдар заңның алдында жауап беруін сұраймыз", – деді марқұмның ағасы Ермек Мұсаұлы

"Бізге "оқыс оқиға" дейді. Бірақ азаптап өлтірген. Тексеріс бойынша қылқындырған. Аяқ қолын байлап қинап өлтірген. Аузына қолғап тығып, аяқ- қолын байлап, далаға лақтырып кеткен", – деді марқұмның туысы Назерке Бариева

Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі «офицер жоспардан тыс оқу-жаттығу кезінде қауіпсіздік шараларын бұзу салдарынан қаза тапты» деп мәлімдеген. Жерлеу рәсіміне келген әскери қызметкерлер тергеу жүріп жатыр дегенді алға тартып, қайғылы жағдай туралы жақ ашпады. Тек қылмыстық іс қозғалып, күдіктілердің қамалғанын жеткізді.

"Оқиға әскери бөлімнің ішінде болған. Күдікті адамдар ұсталды, 4 адам қамауға алынды. Жеке жоспар бойынша оқу-жаттығудың болғанын растаймын. Оқиға бойынша Қорғаныс министрінің бұйрығымен Жаркент гарнизонындағы әскери бөлімге комиссия жіберілді", – деді ҚР Құрлық әскері қолбасшысының орынбасары Арынғали Ақышев.

Капитан Дархан Нұрланұлы Жаркент гарнизонында инженерлік қызметтің бастығы болған. Мұнда ауысып келгеніне небәрі 2 айдан асыпты. Құрлық әскери институтының түлегі бұған дейін 5 жыл Жамбыл облысындағы Отарда қызмет еткен. Туыстарының сөзінше, Панфилов ауданында біраз жұмыс істегеннен кейін сала ауыстыру туралы жоспары барын айтқан. 

Меруерт Сабыртай, Мирас Анитов, Жетісу облысы

Оқи отырыңыз: Ақмола облысында мешіттегі жарылыстан 3 адам қаза тапты