Ресми мәлімет бойынша, оқиға 4 қазанда 5571 әскери бөлімінде болған
Әлеуметтік желіде әскери форма киген жігіттің жерде қансырап жатқан сәті түсірілген видео тарады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Kazinform-ға сілтеме жасап
Куәгерлердің айтуынша, оқиға Алматыдағы Гоголь мен Масанчи көшелерінің қиылысында болған.
Ақпаратты Ұлттық ұланының «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі растады.
Ресми мәлімет бойынша, 2025 жылғы 4 қазанда 5571 әскери бөлімінде мерзімді қызметтегі сарбаз үшінші қабаттан секіріп кеткен. Ол Алматы шұғыл медициналық жәрдем ауруханасына жеткізіліп, қажетті көмек көрсетіліп жатыр.
— Дәрігерлер оған «бейімделу бұзылысы» диагнозын қойды. Сарбаз әскерге шақырылмас бұрын жақын туысынан айырылған және әскери-дәрігерлік комиссияның шешімін күтіп жүрген. Комиссия оның әскери қызметті жалғастыруға жарамдылығын анықтауға тиіс болған, — делінген ресми жауапта.
Ұлттық ұланының «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі сонымен бірге бейнебақылау камераларының жазбаларынан оқиғаға өзге адамдардың қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Қазір қызметтік тексеріс тағайындалып, мән-жай анықталып жатыр.
Оқи отырыңыз: Тергеу изоляторына қамалған экс-судья кенеттен көз жұмды