Сарыарқа сарыны Алматыда: ұлытаулық өнерпаздар қала тұрғындарына концерт берді
Ұлытау – қазақтың шежіресінде ғана емес, өнерінде де өзіндік қолтаңбасы бар мекен
Алматыда «Ұлытау үні - Алатау төрінде» атты шығармашылық кеш өтті. Сарыарқаның дәстүрлі сарынын Ұлытау облыстық филармониясы алып келген. Өнерпаздар орталықтың тарихы терең ән мектебі мен бүгінгі үнін бір сахнаға тоғыстырып, ұлттық өнердің ұрпақ сабақтастығын көрсетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ұлытау – қазақтың шежіресінде ғана емес, өнерінде де өзіндік қолтаңбасы бар мекен. Қасиетті өлкенің әр төбесі тарихтан сыр шертсе, әрбір әні мен күйінде халықтың үні бар. Кеш барысында ұлытаулық өнерпаздар ұлттық мұраны алматылық көрерменге жеткізді.
«Ең басты мақсат – Ұлытау облысының мәдениетін орталықта көрсету. Біздің өңірде қазаққа, елге танымал композиторлар бар екенін білесіздер. Ән, күй, жырымызды Алматы қаласының қонақтарына, тұрғындарына таныстыру», – деді Ұлытау облыстық филармониясының басшысы Артур Изтлеуов.
Кеш бағдарламасы дәстүрлі ән мен күйден басталып, эстрадалық шығармалармен жалғасты. Сахнада Ғалым Мұхамедин, Береке Көшенов, Қайрат Әбеуов, Ардақ Мұқышев, Зәуре Омарова және көптеген жас әнші өнер көрсетті. Ал «Алтын Орда» ұлттық аспаптар ансамблі күмбірлеген күйімен кештің ажарын аша түсті.
«Бұл жолы жергілікті композиторлардың әндерін алып келдік. Тайжан Қалмағамбетовтың, Жақсыкелді Сейілов, Кәкімбек Салықов шығармалары, «Қарагөз» ансамблінің бұрынғы жігіттері Марат Түсіпбеков, Болат Есімханов, Рахым Есімханов сазгерлердің әндері орындалды», – деді ҚР Еңбек сіңірген әртісі Ғалым Мұхамедин.
Дәстүрлі әннің тамыры тереңде. Мың жылдық тарихы бар өнер мектебінің дәстүрін бүгінгі жас орындаушылар жалғастырып келеді.
«Шынболат Ділдебаевтың «Оңашада» деген толғауын орындадым. Көп жерде жарияланбаған, тың дүние. Шынболат Ділдебаев «кемінде мендей бол» деп аузыма түкірген екен. Енді ол кісінің жүгін арқалау – мен үшін бір абырой», – деді дәстүрлі әнші Рысбек Алтынбекұлы.
Алдағы жоспар да ауқымды. Филармония ұжымы еліміздің әр өңірінде дәстүрлі өнерді дәріптеп, Сарыарқаның әншілік-күйшілік мектебінің мұрасын насихаттау. Осылайша ұлттық өнердің тамыры тереңге жайылып, кейінгі буынға жалғаса бермек.
Алина Серегина, Мейрам Исабеков
Оқи отырыңыз: Отыз сұрақ, бір мүмкіндік: Алматылық оқушылар мобильді қосымшада бақ сынауда