Шәмші әндері – уақыт озған сайын қадірі арта түсетін, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан асыл мұра
Бүгін, 15 тамыз – қазақ музыка өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған көрнекті композитор, Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың туған күні. Биыл сазгердің дүниеге келгеніне 96 жыл толды, деп хабарлайды Almaty.tv.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінен хабарлағандай, Шәмшінің әндері – уақыт озған сайын қадірі арта түсетін, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан асыл мұра.
«Менің Қазақстаным», «Арыс жағасында», «Ақ бантик» және басқа да көптеген туындылары бірнеше буынның қуанышы мен мұңын, махаббаты мен үмітін әуенмен өрнектеген өлмес шығармаларға айналды.
"Оның әуендерінен қазақ даласының кең тынысы, ұлттық болмыс пен жүрекке жақын ерекше сыршылдық сезіледі.
Сондықтан Шәмші Қалдаяқовтың әндері әлі де миллиондаған тыңдарманның көңілінен берік орын алып келеді. Шәмшінің мәңгілік әуендері қазақ халқымен бірге жасай бермек", - делінген министрлік хабарламасында.
Айта кетейік, Шәмші Қалдаяқов 1930 жылы қазіргі Түркістан облысы Отырар ауданында дүниеге келген. Музыкаға бала кезінен қызыққан ол 1950 жылдан бастап шығармашылықпен айналысып, 1956-1962 жылдары Алматы консерваториясында білім алды.
Шәмші Қалдаяқов қазақ эстрадалық әнінің қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосты. Оның шығармалары ұлттық әуен мен заманауи музыканы үйлестіріп, халықтың жүрегінен орын алды.
Композитордың 300-ге жуық музыкалық туындысы бар. Оның әндерінде Отанға, туған жерге, ата-анаға, махаббат пен достыққа деген сезім кеңінен жырланды.
Сазгердің «Арыс жағасында», «Сыр сұлуы», «Ақ ерке – Ақ Жайық», «Ақ бантик», «Ана туралы жыр», «Әнім сен едің», «Сағынышым менің», «Қайдасың» секілді әндері ел арасында кең тарады.
Шәмші Қалдаяқовтың ең танымал шығармаларының бірі – «Менің Қазақстаным» әні. Туынды 1956 жылы жазылып, кейін халық арасында кеңінен танылды.
Ән 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде жастардың рухын көтерген шығармалардың біріне айналды. Ал 2005 жылы «Менің Қазақстаным» әнінің негізінде Қазақстан Республикасының қазіргі Мемлекеттік әнұраны бекітілді.
Шәмші Қалдаяқов 1965 жылы Қазақстан Комсомолы сыйлығына ие болды. 1991 жылы оған Қазақстанның халық әртісі атағы берілді. Ал 2022 жылы композиторға қайтыс болғаннан кейін «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді.
Композитор 1992 жылғы 29 ақпанда Алматыда 61 жасында қайтыс болды. Артында қазақ музыкасының алтын қорына енген мол мұра қалды.
Бүгінде Шәмші Қалдаяқовтың есімі көшелерге, музыка мектептері мен мәдениет мекемелеріне берілген. Композитордың құрметіне түрлі байқаулар мен халықаралық ән фестивальдері өткізіледі.
Шәмші Қалдаяқовтың әндері арада ондаған жыл өтсе де өзектілігін жоғалтпай, қазақтың тойы мен мерекесінде, концерттер мен мәдени шараларда әлі де шырқалып келеді.
Оқи отырыңыз: Президент Лихтенштейн князьдігінің Ұлттық күнімен құттықтады