Заңсыз әрекет мемлекеттік табиғи қорық аумағында жүзеге асырылған
Қызылордада қызыл кітапқа енген сексеуілді заңсыз кескен күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Заңсыз әрекет мемлекеттік табиғи қорық аумағында жүзеге асырылған. Сорақысы сол, бұл іске табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының жекелеген инспекторлары қатысып, қылмыстық топқа «қамқорлық» көрсеткен. Әрі олардың жүйелі түрде заңсыз ақшалай сыйақы алғаны анықталды. Күдіктілер сирек кездесетін сексеуілді дайындап, оны шекаралас облыстарға өткізу бойынша тұрақты қылмыстық схеманы ұйымдастырған. Қазіргі таңда мемлекетке келтірілген залал көлемі анықталуда.
«Тінту шаралары барысында бірнеше бірлік атыс қаруы мен оқ-дәрілер, жүк көліктері, электрлі аралау құралдары, радиостанциялар, ірі көлемдегі ақша қаражаты, сондай-ақ табиғи жағдайда қалпына келуі ондаған жылды қажет ететін заңсыз кесілген сексеуілдің едәуір көлемі тәркіленді. Тергеу жүргізілуде. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оларға 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін», – деді ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Оқи отырыңыз: Шымкентте отбасылық жанжал кісі өлімімен аяқталды