Нұрайдың өлімі: ІІМ басшылығы видео таратқан экс-полицей жазаланатынын айтты

29.01.2026 13:45

Нұрайдың анасы басылымдардың біріне берген сұхбатында бейнежазба полиция тарапынан көрсетілген қысым әсерімен түсірілгенін мәлімдеді

Almaty.tv

Мәжіліс кулуарында ІІМ басшысының орынбасары Игорь Лепеха Шымкентте қаза болған Нұрай Серікбайдың видеосын таратқан бұрынғы полиция қызметкерінің әрекетіне қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұған дейін желіде Нұрайдың полицияға жауап беріп тұрған сәтінен түсіріліп, монтаждалған бейнежазба тараған еді. Видеода Нұрай 2025 жылғы 4 қазанда сағат 21:00-де шамамен үш айдай араласқан жігіті Шерханмен бірге Алматыдан Шымкентке өз қалауымен келгенін айтады.

Ал Нұрайдың анасы басылымдардың біріне берген сұхбатында бейнежазба полиция тарапынан көрсетілген қысым әсерімен түсірілгенін мәлімдеді.

«Оның мұндай әрекетке баруға құқығы болмаған. Іс қозғалды, соның ішінде бұл әрекетке де құқықтық баға беріледі», – деді ІІМ басшысының орынбасары.

Еске салайық, 11 қаңтар күні Шымкентте Шерхан Аймахан атты жас жігіт 21 жастағы Нұрай Серікбайды аңдып, артынан қуып жетіп, бірнеше рет пышақтап өлтірген. 28 жастағы күдікті екі күннен кейін, 13 қаңтарда ұсталды. Сондай-ақ марқұм қыр соңынан қалмаған жігітке қатысты құқық қорғау органдарына арыз жазғаны мәлім болды. Бірақ нәтиже болмаған. Бұл жайт қоғамда резонанс тудырып, Президент полицияның жұмысын тексеруді тапсырды.

Көп ұзамай қалалық полиция департаменті бастығы және оның бірінші орынбасары, сондай-ақ бірқатар лауазымды тұлға қызметінен босатылды.