Сел және қар көшкіні қаупі: Алматыда қауіпсіздік шаралары қалай жүріп жатыр

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тиісті профилактикалық жұмыстар жүргізіледі

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының таулы аймағы мен өзен арналары бойындағы 9 аумақта беткейлерді нығайту жұмыстары аяқталды. Аталған шаруа қалада сел мен қар көшкінінің алдын алу мақсатында жүзеге асырылған. Қазір күннің күрт жылынып, мұздықтардың ери бастағанын ескерсек, селден секем бар ма? Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қандай шаралар атқарылып жатыр? Бұл сауалдарға Almaty TV эфирінде «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі Алматы қалалық пайдалану-техникалық басқармасының Мониторинг және құлақтандыру бөлімінің басшысы Айдана ДАЙЫРБАЕВА жауап берді.

- Айдана Бауыржанқызы, биыл көктем ерте шығып, таулы аймақтарда қар еріп жатқаны белгілі. Қазір қаланың қай аумағында көшкін жүру қаупі бар? Жалпы қар түсіру жұмыстары басталды ма?

Алматы қаласы аумағында Алматы қалалық филиалы тарапынан қар көшкіні қаупі бар 165 аймақ белгіленген. Қазіргі таңда Үлкен Алматы өзені алабында - 91, ал Кіші Алматы өзені алабында 104 қар көшкіні қаупі бар учаске анықталған. Қар көшкіні кезеңінде Алматы қалалық филиалы профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Бұл жұмыстардың қатарына қарды мәжбүрлеп түсіру шаралары жатады. Профилактикалық жұмыстар жарылғыш заттармен, сондай-ақ «Аваланчер» және «Дэйсибелл» жүйелері арқылы қар массаларын түсіру арқылы жасалады. Қазіргі таңда 67 профилактикалық жұмыс атқарылды. Соның нәтижесінде 1 миллион текше метр қар массасы мәжбүрлеп түсірілді.

- Соңғы жылдары Алматы маңындағы таулы аймақтарда сел қаупі жиілегені айтылып жүр. Қазір ең қауіпті учаскелер қайсысы және олар қаншалықты бақылауда?

Иә, қазіргі уақытта сел қаупі артуда. Бұл ауа температурасының көтерілуіне байланысты. Сол себепті Алматы қалалық филиалының жұмыскерлері Үлкен Алматы, Кіші Алматы, Ақсай, Қарғалы өзендері алаптарында сел қаупі бар учаскелерді белгіледі. Ол учаскелер аса қауіпті, орташа қауіпті және қауіпсіз болып бөлініп, сел қаупі кезеңінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тиісті профилактикалық жұмыстар жүргізіледі.

- Мұздықтар сел қаупін арттырады дейді мамандар. Бүгінде мұздық көлдерді азайту немесе бақылау қалай жүзеге асуда?

«Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі гидрометеорологиялық жағдайды тәулік бойы бақылайды. Сел қаупі бар кезеңде, яғни мамыр мен қыркүйек айларының аралығында тұрақты бақылау жүргізіледі. Оған маусымдық бақылаушылар тартылады. Сондай-ақ Алматы қаласының таулы аймақтарында 10 маусымдық гидробекет ашылып, гидрометеорологиялық жағдай қадағаланады. Сонымен қатар превентивті жұмыстар жүргізіліп, мореналық көлдердің арналары судан босатылады.

- Алматыдағы ең ірі қорғаныс нысандарының бірі – «Медеу» селден қорғау бөгеті. Бүгінде оның техникалық жағдайы қандай? Мүмкін жаңғыртуды қажет ететін шығар?

- «Медеу» бөгеті Алматы қаласы аумағындағы ең ірі сел ұстағыш нысандардың бірі. Оның сел ұстау сыйымдылығы 12,6 миллион текше метрді құрайды. Қазіргі уақытта филиал мамандары ай сайын бақылау жүргізеді. Жоспарлы жұмыстар аясында бөгет денесін (денесін) шөгінділерден тазарту, сел ұстағыш қалқандарды тазалау және бөгеттің жағдайын ретке келтіру шаралары атқарылады. Биылға дәл осы аталған жұмыстар жоспарланған.

Оқи отырыңыз: Алматы тауында қар көшкінінен зардап шеккендер қалай құтқарылды

Новости партнеров