Семейде ата-анасының діни көзқарасы үшін балалары жылдар бойы мектепке бармаған

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Абай облысында балалардың білім алу құқығының бұзылу фактілері анықталды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Семей қаласының прокуратурасы «Отбасының цифрлық картасы» жобасын іске асыру аясында төрт баланың міндетті орта біліммен қамтылмағанын анықтады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Ведомство мәліметінше, өрескел мысалдардың бірі деструктивті діни көзқарасты ұстанған отбасыға қатысты анықталды.

«Бұл отбасында 8 бен 13 жас аралығындағы үш бала тәрбиеленіп, ата-анасының наным-сеніміне байланысты мектепке бару мүмкіндігінен айырылып, ерте жастан білім беру жүйесінен тыс қалған», - делінген прокуратура хабарламасында.

Прокуратураның бастамасымен уәкілетті органдар әр баланың білім деңгейін бағалап, кейін оларды мектепке қабылдады. Анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, ал уәкілетті органдардың лауазымды тұлғаларына тәртіптік жаза қолданылды.

«Тағы бір жағдайда психикалық дамуы тежелген 9 жастағы баланың құқығы бұзылғаны белгілі болды. Балаға мүгедектік берілмегендіктен, ол мектептік те, арнайы да білім ала алмаған», - делінген хабарламада.

Прокуратураның араласуынан кейін бала психикалық денсаулық орталығына стационарлық тексеруге жіберіліп, ресми қорытынды алуға және әрі қарай оқу бағытын айқындауға мүмкіндік жасалды. Оның заңды өкілі де әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Семей қаласының прокуратурасы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және олардың білім алу құқығын қамтамасыз ету бойынша белсенді әрі мақсатты жұмысын жалғастыруда.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда жыл сайын 300 адам ағза донорына қолы жетпей көз жұмады

Новости партнеров