Семейде өзенде балық аулап отырған баланы жасөспірімдер аяусыз соққыға жыққан

07.07.2025 16:11

 Бала ауыр жарақат алып қана қоймай, психологиялық күйзеліске де ұшыраған

Аlmaty.tv

Семей қаласында Ертіс өзенінің маңында балық аулап отырған 12 жастағы балаға бірнеше жасөспірім шабуыл жасап, оны соққыға жыққан. Болған жайт туралы Абай облысының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Эльзира Солтабаева Instagram парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 107-бабы — "Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру" бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазір сот-медициналық сараптама тағайындалды.

Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің айтуынша, жәбірленушінің анасына психологиялық көмек ұсыну жөнінде ұсыныс жасалып, жағдай бақылауға алынған.

"Объектив Восток" басылымының хабарлауынша, оқиға 4 шілдеде Ертіс өзенінің 11-ші бау-бақша учаскелеріне жақын маңында болған. Жарақат алған баланың әпкесінің айтуынша, 12 жастағы інісі жағалауда балық аулап отырған кезде оған 14–15 жас шамасындағы бірнеше жасөспірім жақындап келген.

"Алдымен олар тас лақтыра бастаған, кейіннен суға итерген. Інім қашып құтылмақ болғанымен, олар қуып жетіп, қарсыласуға тырысқан ініме шабуыл жасаған. Ол қармақпен қорғануға тырысқанда, олар қармақты сындырып, жұдырықпен, аяқпен ұрып, бетінен шапалақтап соға бастаған. Бүкіл денесіне соққы тиген", — дейді әпкесі.

Дәрігерлер жәбірленуші баланың қолы сынғанын, жамбас тұсында ауыр соққылар мен жұмсақ тіндердің зақымданғанын, сондай-ақ бет және дене бөліктерінде көптеген жарақаттар барын анықтаған. Сонымен қатар бала психологиялық күйзеліске де ұшыраған.

Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл бұл істі өзінің жеке бақылауына алғанын мәлімдеді. Жасөспірімдер арасындағы зорлық-зомбылық фактілері қоғам назарында қалмауы тиіс.

Оқи отырыңыз: Қостанай облысында ВИЧ жұқтырған ер адам 13 жастағы өгей қызын зорлаған