Семейде зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана ашылды

Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Екі қабатты ғимараттың жалпы ауданы – 852 шаршы метр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Абай облысында Абайдың 180 жылдығына арналған онкүндік мерейтойлық шаралар легі жалғасуда. Онкүндіктің алтыншы күнінде Семей қаласында көру қабілеті шектеулі азаматтарға арналған арнайы кітапхананың жаңа ғимараты пайдалануға берілді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Екі қабатты ғимараттың жалпы ауданы – 852 шаршы метр. Нысан зағип және нашар көретін жандардың қажеттіліктеріне бейімделген. Тифлотехнология кабинеті, брайль жүйесімен оқу-жазу бөлмесі, дыбыстық әдебиеттер қоры, коворкинг пен оқу залдары, библиографиялық ақпараттар бөлімі, әдебиеттерді өңдеу және толықтыру бөлімі орналасқан. Ерекше азаматтардың еш кедергісіз еркін кіріп-шығуы үшін арнайы тұтқалармен жабдықталған және білім алуына барлық жағдай жасалған. Келешекте кітапхана базасы электронды каталогқа көшіріледі. Кітапхананың кітап қоры 40 мың дана кітаптан тұрады.

Семей қаласы әкімдігі ғимарат маңайын толық абаттандырып, шырша отырғызып, кіреберіс жолдарға асфальт төседі. Кітап қоры толық көшіріліп, кабинеттер мен сөрелер ретке келтірілді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты. Ол «Біз ғылымды сатып мал іздемек емеспіз», – деп тұжырымдап, керісінше, ел дәулетті болуы үшін ғылымды игеру керектігіне назар аударды. Ұлы Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» деген өнегелі өсиетін де осы тұрғыдан ұғынуымыз қажет» деп атап өткен болатын. Бұл жаңа кітапхана – ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың білімге құлшынысы мен ізденістеріне тиісті жағдай жасауда айрықша маңызға ие. Олардың білім алу, шығармашылықпен айналысу, мәдени және рухани даму мүмкіндіктерін кеңейтуде ерекше рөл атқарары сөзсіз. Кітапхана заманауи стандарттарға сай жабдықталған. Мұнда Брайль қарпіндегі әдебиеттер, дыбыстық кітаптар, арнайы техникалық құрылғылар мен сандық ресурстар кеңінен қолжетімді. Кітапханада 41 000-нан астам кітап қоры бар. Мұның барлығы инклюзивті қоғам құру жолындағы нақты әрі маңызды қадам болып саналады», – деді облыс әкімі.

Оқи отырыңыз: Жекеменшік мектептерге жалдамалы ғимаратта білім беруге тыйым салынбақ

Новости партнеров