Орман өрті ТЖМ-нің қатаң бақылауына алынды
Абай облысындағы «Семей орманы» резерватында өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Қызыл жалынмен күреске жүздеген маман, ондаған техника және авиация жұмылдырылған. Қазір негізгі күш өрттің одан әрі таралуына жол бермеуге бағытталған.
Алдын ала мәлімет бойынша, өрттің аумағы шамамен 60 гектарды құрайды.
Тілсіз жауды ауыздықтауға Төтенше жағдайлар министрлігі, Экология министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Қорғаныс министрлігі және жергілікті атқарушы органдардың күштері тартылған.
Әуеден өрт ошақтарына 81 рет су төгіліп, жалпы көлемі 89 тонна су шашылған.
Сонымен қатар полиция қауіпті аумақты қоршауға алып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, тұрғындардың мүлкін күзетіп жатыр.
«Қазіргі уақытта Камышенка ауылына төнген қауіп сейілді. Өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Жағдай Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел штабының бақылауында», – деді ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Динара Нұрғалиева.
Оқи отырыңыз: Алматыда жастарға арналған тоғызқұмалақ курстары ашылды