Жастардың логикалық ойлауын дамытуға арналған жаңа жоба қолға алынды
Алматыда жастарға арналған тоғызқұмалақ курстары іске қосылды. Жобаны қалалық Тоғызқұмалақ федерациясы мен жастарға арналған комьюнити-орталықтар бірлесіп жүзеге асырып отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Іс-шара барысында қаладағы 11 комьюнити-орталықтың басшыларына тоғызқұмалақ тақталары табысталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жаңа курстарда жастар ұлттық ойынның ережелерін меңгеріп, тәжірибелік сабақтарға қатысады.
Федерация өкілдері тоғызқұмалақтың логикалық ойлау қабілетін дамытып, сабырлылық пен стратегиялық шешім қабылдау дағдыларын қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.
«Тоғызқұмалақ жастардың ой-өрісін кеңейтіп, сабырлылыққа тәрбиелейді. Бұл – екі адамның байыппен ойнайтын зияткерлік ойыны. Тіпті тастарды қолмен ұстаудың өзі өзіндік әсер береді. Тоғызқұмалақтың мағынасы да, тәрбиелік мәні де өте терең», – деді Қалалық тоғызқұмалақ федерациясының президенті Руслан Қалиоллаев.
Жоба аясында жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және ұлттық зияткерлік ойынды кеңінен насихаттауға басымдық берілмек.
«Биылғы жарты жылда қаламыздағы комьюнити-орталықтарға 340 мыңнан астам жас келді. Олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және жаңа дағдыларын дамыту мақсатында тоғызқұмалақ курстарын ашып отырмыз. Алдағы уақытта жастар арасында ірі турнирлер мен басқа да іс-шараларды өткізу жоспарымызда бар», – деді Жастарды әлеуметтендіру және ақпараттандыру бөлімінің бас маманы Жібек Бахитова.
Оқи отырыңыз: Алматы полициясы алаяқтық пен ұрлықтың алдын алу шараларын күшейтті