Семейде Дильназ Жұмағұлованы өліміне қатысты іске сот нүкте қойды

13.10.2026 21:29

Алайда марқұмның әкесі істің кейбір тұстарымен келіспейді

Семейде 20 жастағы Дильназ Жұмағұлованың өліміне қатысты іске сот нүкте қойды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бойжеткенге 16 рет пышақ сұққан сотталушы 14 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда марқұмның әкесі істің кейбір тұстарымен келіспейді. Оның сөзінше, сотта оқиғаның толық мән-жайы ескерілмеген. 

"Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі 99-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 14 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазаны қауіпсіздік деңгейі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтесін", - деді судья Нияз Хасенбаев.

Сот үкімімен сотталушының жаза өтеу мерзімі 13 шілдеден бастап есептеледі. Тергеу изоляторында өткізген әр күні жаза мерзімінің бір жарым күніне теңестіріледі. Сонымен қатар сот марқұмның жақындарына моральдық зиян ретінде 21 миллион 669 мың 600 теңге өндіру туралы шешім шығарды. 

«Іс бірінші сатымен түсті. Берілген жаза көлеміне толықтай болмаса да, қанағаттанамыз. Ал апелляция мәселесін уақыт көрсетеді. Өкінішке қарай, бастан ұрған зат табылмады және бұл маңызды жайт ескерілмеді. Шын мәнінде, оқиға көрінісі мүлде басқаша болатын. Айтылған деректердің елу пайызы шындыққа жанаспайды», - деді марқұмның әкесі Сабыржан Темірхан.

Оқи отырыңыз: Жантүршігерлік жол апаты: Қостанайда байкер қаза болды

Толық көрсету