Семейде заманауи спорт кешені ашылды

05.02.2026 13:39

Жаттығу алаңдарында тұрғындар спортпен жыл бойы шұғылдана алады

Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Семей қаласындағы Водный кентінде заманауи спорт кешені ашылды. Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Берік Уәли, спорт ардагерлері қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Спорт нысанының құрылысы 2025 жылдың мамырда басталып, қысқа мерзім ішінде тұрғындардың игілігіне берілді.

Мұндағы спорт залдары мен жаттығу алаңдары тұрғындардың спортпен жыл бойы шұғылдануына мүмкіндік береді. Бірінші қабатта волейбол, баскетбол, футзал сияқты спорт түрлеріне арналған ойын залы, екінші қабатта күрес залы орналасқан. Алдағы уақытта алты бапкер жұмыс істейтін болады.

Өткен жылы Водный кентінде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 600 орындық мектеп пайдалануға берілді. Восточный кентінде осы бағдарлама шеңберінде 300 орындық мектептің құрылысы аяқталды. Инженерлік инфрақұрылымды жаңарту бағытында төрт көшеде электр желілерін жаңарту жұмыстары жүргізілді. «Водный» және «Восход» елдімекендерінде жалпы ұзындығы 3,2 шақырымды құрайтын көше жолдарына асфальт төселді.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Абай облысында 18 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, Семей қаласындағы Ұшақтар және Бобровка кенттерінде Дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынып жатыр. Бұл инфрақұрылым өңір спортшыларының халықаралық деңгейдегі жарыстарға сапалы дайындалуына зор мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз: Павлодар облысында 20 ауыл ішімдіктен бас тартты

 

Теги: Семей