Полиция қызметкерлері алдағы уақытта мұндай ауылдардың саны арта түседі деп үміттенеді
Павлодар облысында алкоголь өнімдерін сатудан өз еркімен бас тартқан елдімекендердің саны артып келеді. Қазіргі таңда өңірде 20 ауыл ішімдіктен толықтай бас тартқан, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мәселен, Екібастұз қаласына қарасты 15 ауылда, Ақсу қаласы мен Баянауыл ауданында екі ауылдан, сондай-ақ Тереңкөл ауданындағы ауылда алкоголь өнімдерін өткізуге тыйым салынған. Аталған елдімекендердегі барлық дүкендерде алкоголь өнімдері сатылмайды.
"Бұл ауылдар жасалған меморандумдарға сәйкес алкоголь өнімдерін тұтынудан түбегейлі бас тартты. Мұндай шешімдер ауыл ақсақалдары мен қоғам өкілдері қатысатын кеңестерде қабылданады. Кеңес құрамына елге сыйлы азаматтар мен ақсақалдар, ауылдық округ әкімдері, сондай-ақ учаскелік полиция инспекторлары кіреді. Тұрғындардың алкогольден бас тартуы қылмыстың болмауына, құқық бұзушылықтар мен отбасылық жанжалдардың алдын алуға ықпал етті. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде соңғы жылдары аталған ауылдарда бірде-бір қылмыс тіркелген жоқ", – деді Павлодар облысы ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Күркебаев.
Аталған ауылдардың тұрғындары да алкогольден бас тартудың арқасында өздерін қауіпсіз әрі жайлы сезінетіндерін, елді мекендерде тәртіп пен тыныштық орнағанын атап өтуде. Полиция қызметкерлері алдағы уақытта мұндай ауылдардың саны арта түседі деп үміттенеді. Құқық қорғау органдары қылмыссыз қоғам қалыптастыру бағытындағы жұмысты жалғастыруда.
Ақпарат көзі Polisia.kz
Оқи отырыңыз: Түркістан облысында алтынды заңсыз өндіру деректері анықталды