Семейдегі жарылыс: Газ резервуары отқа оранып, екі адам ауруханаға түсті

23.09.2026 19:51

Қызыл жалын жақын маңдағы баспанаға тарап, жүк көлігін күл қылған

Семейде болған жарылыстан 2 адам күйік жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер олардың бірінің жағдайы ауыр деп отыр. Науқас қазір жансақтау бөлімінде жатыр екен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Есте болса, кеше кешкісін газ сақтайтын резервуар жарылып, өрт шыққан. Қызыл жалын жақын маңдағы баспанаға тарап, жүк көлігін күл қылған.

«1981 жылы туған бірінші науқас жансақтау бөліміне жатқызылды. Оның жағдайы ауыр, бірақ тұрақты. Науқасқа жалпы дене аумағының 25-30 пайызын құрайтын II–III (А, Б) дәрежелі күйік диагнозы қойылды. Екінші науқас хирургия бөліміне орналастырылды. Оның жағдайы орташа ауырлықта деп бағаланып отыр. Бұл науқаста жалпы аумағы 15 пайыз шамасындағы II–III (А, Б) дәрежелі күйіктер анықталды»,  – деді Жедел медициналық жәрдем ауруханасының бөлім меңгерушісі Дарын Бақтыбаев.

Жарылыстың қатты болғаны соншалық, көлік жуу орталығын қиратып, артынша жалын айналаға тараған. Оқиға орнына құтқарушылар, полиция мен жедел жәрдем қызметі жұмылдырылды. Тұрғындардың айтуынша, дүмпуден қабырғада ілулі тұрған теледидар құлап, үйдің қабырғасы жарылып кеткен.

«Мен сыртқа жүгіріп шықтым. Газ лапылдап жанып жатыр. Тағы да жарылыс болды. Бұл жерде не болғанын сөзбен айтып жеткізу қиын! Бәрі өртеніп жатты. Көрші үйлер де жана бастады. Сөйтіп, көлік те өртенді», – деді Семей қаласының тұрғыны Татьяна Некрасова.

Оқи отырыңыз: Заңсыз тауар: Елорда әуежайынан жүздеген жаңа iPhone тәркіленді

Толық көрсету