Семейдегі Жоламан кентінің тұрғындары жол азабын тартып отыр
Семейдегі Жоламан кентінің тұрғындары жолдың нашарлығынан қиындық көріп отыр. Жаңбыр жауса, көшелер батпаққа айналып, оқушылар мектепке жету үшін саз кешуге мәжбүр. Тіпті лай жолмен көлік түгілі, жаяу жүрудің өзі мұң. Мәселені талай көтергенімен, нәтиже көрмеген тұрғындардың ашуы шегіне жеткен, деп хабарлайды Almaty TV.
Жоламан көшелеріндегі жағдай осындай. Жаңбыр жауса болды, айнала ми батпаққа айналады. Тұрғындар аяқтарына пакет киіп жүруге мәжбүр. Өйткені бұл көшелермен жаяу жүру де, көлікпен қатынау да қиын. Күнделікті тіршіліктің өзі кедергіге толы. Тіпті такси жүргізушілері де кентке кіруден бас тартады.
«Көшенің бәрі лай. Машина да келмейді. Такси шақырсақ, жүргізуші трассада күтіп тұрады. Біз сол жерге дейін жаяу шығып барып отырамыз», – деді қала тұрғыны Қарлығаш Демесінова.
Жолдың жоқтығынан ең алдымен балалар зардап шегіп отыр. Мектеп жақын болғанымен, оған жетудің өзі оңай емес. Ата-аналар сабақтан қайтқан балаларын резеңке етікпен алдынан күтіп алады. Өйткені лайға батып құлау, киімді ластау – күнделікті көрініс.
«Балалар мектептен қайтқанда алдынан барып күтіп аламыз. Резеңке етік алып барамыз. Үйге келген соң киімдерін шешіндіріп, тазалаймыз. Талай рет құлап, аяқтарын сулап келген кездері болды. Көшеде жарық та жоқ. Ең болмаса, шамдар орнатса екен», – деді қала тұрғыны Әділхан Қаранбеков.
Тұрғындар жол мен көше жарығы мәселесін талай жылдан бері көтеріп келеді. Алайда әзірге өзгеріс жоқ. Құр уәдеден шаршаған жұрт бұл жолы наразылығын ашық білдірді. Өздерін сабырға шақырған шенеуніктерге батпақ кештіріп, көшенің шынайы жағдайын көрсетті.
«Бүгінгі жағдай бойынша қала әкімінің тапсырмасы бар. Қазір су жиналып, батпаққа айналған, оқушылардың мектепке баруына қиындық туғызып отырған аумақтарды тазалау жұмыстары жүргізіледі. Жылдың аяқталып қалғанын ескерсек те, алдағы уақытта мұндай көшелерді жоспарлы түрде ретке келтіру көзделген», – деді Семей қаласы әкімінің орынбасары Әсет Баймұрзаев.
Жауаптылардың айтуынша, қаланың шеткі көшелерін жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Қазір Семейде мыңнан астам көше бар. Алайда соның тек жартысына ғана асфальт төселген. Демек, Жоламан тұрғындары секілді жаңбыр жауса, батпаққа батып, жол азабын тартатын жұрт аз емес.
Динара Ерболқызы, Almaty TV, Семей.