Маруа кәсібін одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр
Семейлік мүмкіндігі шектеулі нәзік жан кәсібін дөңгелетіп қана қоймай, спортта да нәтиже көрсетіп жүр. Маруа Радилова туабітті церебралды сал ауруына шалдыққан. Бірақ бұл оның сүйікті ісімен айналысуына кедергі болмады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Маруа Радилова – екінші топтағы мүгедек. Ол денсаулығындағы шектеуге қарамастан өз кәсібін бастаған. Тоқыма өнерін меңгерген ол түрлі үлгідегі аяқ киім тоқиды. Өнімдерін тапсырыспен дайындайды. Ал қажетті шикізатты Алматы мен Астанадан алдыртады.
«Жіп те, табан да қымбаттайды. Бұның бәрін тапсырыспен аламыз. Иран жібін аламыз, кез келген жіптен тоқылмайды. Сатуға шығарғандықтан сапалы материалдардан тоқуға тырысамын», – деді қала тұрғыны Маруа Радилова.
Бастапқыда Маруаға жылдам тоқу оңай болмапты. Алайда тынымсыз еңбектің арқасында шеберлігін шыңдап, қазір бір жұп аяқ киімді бір күнде тоқып бітіреді. Әсіресе жаз мезгілінде тапсырыс көбейеді.
«Әсіресе, жазғы айларда көп болады бұл. Бір айда 15-20 тапсырыс түседі.Мен есебін есептемеппін. Тапсырысқа екеу, үшеу аламын. Бір немесе екі аптада тапсырып отырамын. Құпия жоқ ешқандай, біреуін 6 мыңнан сатамын. Уақыт өткен сайын шикізат та қымбаттайды», – деді қала тұрғыны Маруа Радилова.
Маруа кәсібін одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр. Ісмерлікті үйде отырған қыз-келіншектерге үйретіп, тоқыма өнерінің қыр-сырын көрсеткісі келеді. Кәсібін дамыту үшін мемлекеттен берілетін қайтарымсыз грант жеңіп алыпты.
Айта кетейік, Абай облысындағы жұмыспен қамту мекемесіне биыл 475 мүгедектігі бар азамат жүгінген. Мамандардың айтуынша, олардың арасында тұрақты жұмысқа орналасқандар да, кәсіп бастауға мүмкіндік алғандар да бар.
«Нақты айтатын болсақ, 162 адам тұрақты және уақытша жұмыспен қамтылды. 24 азамат мемлекеттің қайтарымсыз 400 АЕК грант алды. Бес азамат қысқа мерзімге оқыға жіберілді. Сонымен қатар азаматтардың қалғаны сол «Бастау» бизнес жобасын оқыды», – деді Абай облысы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Айман Нұрлыбек.
Мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамтуға жұмыс берушілер де тырысып келеді. Қазір 10 жұмыс берушіге мемлекет тарапынан субсидия берілмек. Яғни, кәсіп иелері мұндай азаматтарды жұмысқа алып, еңбек етуіне қажетті жағдай жасау үшін мемлекеттік қолдау алады.
Динара Ерболқызы, Семейден.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда орташа жалақы 486 мың теңгеге жетті