Бала құқығын қорғау комитеті отбасыға заңгерлік, психологиялық көмек көрсетіліп жатқанын хабарлады
Алматыда 13 жастағы қызды өзімен бірге алып кеткісі келген ер адам 10 тәулікке қамалды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оқиға қаладағы мектептердің бірінің маңындағы аялдамада болған. Ер адам алғашында оқушыға бірге таксиге мінуді ұсынып, жасөспірім келіспеген соң 100 мың теңге, кейін 300 мың теңге беретінін айтқан. Ал оқушы себебін сұрағанда, ол қыз балаға «сен маған ұнайсың» деп жауап қайтарған.
Полиция департаментінің мәліметінше, қазір ер адам ұсталып, қамауға алынған. Ал бала құқығын қорғау комитеті отбасыға заңгерлік, психологиялық көмек көрсетіліп жатқанын хабарлады
«Алматы қаласы Полиция департаменті, жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде ер адам ұсталғанын хабарлайды. Оған қатысты әкімшілік іс қозғалды. Сот шешімімен ол әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды», – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Оқи отырыңыз: Астанада үстіне кондиционер құлаған фельдшердің жағдайы әлі де өте ауыр