Сенат төрағасы Қазақстанның Вице-президентін тағайындау мәселесі қашан шешілетінін айтты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтай сайлауы тамыз айында өтетінін жариялаған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанның Вице-президентін тағайындау мәселесі Құрылтай құрылғаннан кейін шешіледі. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv

Ол аталған қызметке қатысты сауалдың барлығы Мемлекет басшысының құзыретінде екенін жеткізді. Яғни, тиісті шешімді Президент қабылдайды. Еске сала кетейік, өткен аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтай сайлауы тамыз айында өтетінін жариялаған. Саяси науқанның нақты қай күні өтетіні әзірге белгісіз. Партиялардың жоспарларын айқындап, дайындық жүргізуге бес айға жуық уақыт бар.

«Жаңа Құрылтай сайланғаннан кейін Мемлекет басшысы тиісті шешім қабылдайды. Заңға және жаңа Конституцияға сәйкес шешімдер қабылданады. Бұл мәселелердің барлығы Конституциямызда нақты көрсетілген», деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.

 Сонымен қатар, Сенат спикері саяси жүйе туралы пікірін айтты. Ол Қазақстанда партия жасақтауға мүмкіндік барын айтып, азаматтардың саяси ұйымды құру бастамасы олардың конституциялық құқығы екенін еске салды. Жаңа Конституция партиялық жүйенің дамуына жаңа серпін береді деді. Мәулен Әшімбаев демократиялық қоғамды дамыту үшін партиялық жүйені күшейту қажет екеніне де тоқталды. Сөзінше, бұл жүйе күшеймей, партиялар жаңа деңгейге шықпайды, демократиялық процестерді дамыту оңай болмайды. Оның пікірінше, Қазақстан үшін қуатты әрі бәсекеге қабілетті саяси партиялардың болуы аса маңызды

«Алдағы уақытта біз осындай бәсекелестіктің күшейгендігін де көретін шығармыз. Дегенмен де елдің болашағына қатысты мәселелерде партиялардың бәрі бірігіп, осындай үлкен мәселелерде ортақ ұстаным, ұстанымның аясында Президентіміздің саясатын қолдап, еліміздің әрі қарай дамытуға бәрі бірігіп күшін салады деп сенеміз», деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда азаматтығы жоқ қанша адам өмір сүріп жатыр

 

Новости партнеров