Шенеуніктердің салғырттығы: Маңғыстауда 100 мыңнан аса адам тұрғын үйге қатысты жеңілдіктен қағылған

23.12.2025 19:59

Олардың қатарында әлеуметтік осал топтар да бар

Маңғыстауда шенеуніктердің салғырттығынан 100 мыңнан аса адам уақытша тұрғын үй жеңілдігінен айрылған. Мәселені өңір прокурорлары анықтаған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Нормативтік-құқықтық актілерді тексеру кезінде заңнамаға енгізілген өзгерістердің өткен жылы қабылданғаны белгілі болды. Соған сәйкес, тұрғын үй жеңілдіктеріне құқығы бар азаматтар санаты екіден он екіге дейін кеңейтілген. Олардың қатарында әлеуметтік осал топтар да бар. Алайда облыстық мәслихат өз шешіміне тиісті өзгерістерді уақтылы енгізбеген. Соның салдарынан мыңдаған адам тұрғын үй бағдарламалары аясында бастапқы жарнаны төлеу кезінде де, тұрғын үй құнының бір бөлігін өтеу барысында да, мемлекеттік қолдауды пайдалана алмаған.

«Прокуратура органдарының наразылығымен мәслихаттың шешімі сәйкестендіріліп, мемлекеттік қолдауды қажет ететін азаматтардың құқығы қалпына келтірілді. Бұндай жаңдай бірінші рет тіркелді», – деді Маңғыстау облыстық прокуратурасы Қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының бастығы Айбек Асылбеков.

Оқи отырыңыз: Қостанайда қайырымдылық атын жамылған заңсыз діни қызмет анықталды