Мамандардың сөзінше, бұл жолдағы шаршаған жүргізушілерден келетін қауіптің алдын алуға сеп
«Сергек» камералары қандай жылдамдықпен жүргеніңізді ғана емес, рөлде сергек отыруыңызды да қадағалайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Яғни, темір тұлпарды тізгіндеген уақытыңыз есептеліп, сегіз сағаттан асса, көлік қозғалысына шектеу қойылады. Мамандардың сөзінше, бұл жолдағы шаршаған жүргізушілерден келетін қауіптің алдын алуға сеп.
«Біздің жүйеміз қазіргі кезде көліктің жүрген жолын анықтап, егер көлік 8 сағаттан артық жол жүрсе оны сараптап, ары қарай сол ақпаратты полиция департаментіне жібереді. Қазіргі күнде осы жүйеміз іске қосылған. Егер облыстар туралы айтатын болсақ, ол Түркістан облысы, Жамбыл облысы, Алматы облысы және Семейде», – деді Sergek technologies компаниясының бас атқарушы директоры Диас Битимбаев.
Сергектің жаңа функциясы елдегі жол қауіпсіздігінің біріңғай платформасы аясында іске қосылып отыр. Арнайы жүйе барлық оқиғаны уақыт режимінде бақылап, талдау жасайды. Алайда бастаманы бірі қолдаса, бірі қолдамай отыр. Жұрт «сегіз сағаттық шектеу жүк тасымалы, такси қызметінде жүрген жүргізушілер үшін қолайсыз» дейді.
«Бұл дұрыс нәрсе емес. Шымкенттен Алматыға келудің өзі 8 сағаттан астам. Бала-шағамен шаруаны тастап, жолда демалуымыз керек па? Ол ыңғайсыз ғой», – деді тұрғын.
«Автобус жүргізушілері 12-16 сағат жұмыста болады. Таксистер күнін көріп, бала-шағасын асырап отырған. Қаншама кредиті бар. Олар не істейді? Алматының кептелісінде бір жерден бір жерге бару үшін 1 сағат кетеді», – деді тұрғын.
Айта кетейік, елімізде жүргізушілерге 8 сағаттан артық көлік тізгіндеуге тыйым салынбаған. Алайда мамандар жол апатының дені дәл осы ұзақ уақыт тоқтаусыз темір тұлпар жүргізгеннің салдарынан болатынын айтты. Сондықтан, мұндай фактілерді анықтап, онымен күресуде «Сергектің» мүмкінгі мол екенін жеткізді.
Диана Тұрлыбек, Ялкунжан Әшімжанов
Оқи отырыңыз: Шымкенттегі Бадам өзеніне 15 жастағы жасөспірім батып кетті