Сергек әрі зерек оқушы: баланың күнделікті ас мәзірін қалай дұрыс ұйымдастыру керек

02.09.2026 14:18

Баланың күні бойы қалыпты тамақ, су және әртүрлі өнімдермен тамақтануы маңызды

Аlmaty.tv

Мектеп жасы — баланың ағзасы белсенді өсіп, дамитын маңызды кезең. Сондықтан толыққанды әрі теңгерімді тамақтанудың орны ерекше, деп хабарлайды Almaty.tv.

Осы орайда ҚР Денсаулық сақтау министрлігі дұрыс тамақтанудың баланың бойындағы күш-қуатты сақтап, зейінін арттыруға және күн бойы жұмыс қабілетін жоғары деңгейде ұстап тұруға көмектесетінін атап өтті.

Оқушының рационында нені ескерген маңызды?

  • Көбірек көкөністер мен жемістер;
  • Сүт және айран-сүт өнімдері;
  • Ақуыз көздері — ет, балық, жұмыртқа және бұршақ тұқымдастар;
  • Тұтас дәннен жасалған өнімдер;
  • Жеткілікті мөлшердегі таза су.

Сонымен бірге құрамында қант, тұз және қаныққан майлары көп тағамдарды, тәтті газдалған сусындарды және ультраөңделген өнімдермен жиі тіскебасар жасауды шектеген жөн.

Баланың не жейтіні ғана емес, қалай тамақтанатыны да маңызды: тұрақты тамақтану режимі, дастарқан басындағы жайлы атмосфера және ата-ананың жеке үлгісі пайдалы әдеттерді қалыптастыруға көмектеседі.

Балалық шақта қалыптасқан салауатты әдеттер ересек өмірдегі берік денсаулықтың негізіне айналады.

Оқушының бір күні: тамақтануды қалай ұйымдастыру керек?

Оқушының дұрыс тамақтануы — бұл бір ғана «өте пайдалы» өнім емес. Бұл — оның бүкіл күнінің қалай ұйымдастырылғаны.

07:00–08:00 | Таңғы ас

Ең бастысы — толыққанды таңғы ас құрастыру. Мысалы:

  • Ботқа + жұмыртқа + жеміс
  • Нан + ірімшік/жұмыртқа + көкөніс
  • Қоспасыз табиғи йогурт + сұлы жармасы + жидек немесе жеміс

Егер таңертең тәбет онша болмаса, порцияны аздау қылуға болады.

10:00–11:00 | Аралық ас (тіскебасар)

Егер түскі асқа дейін әлі ұзақ болып, баланың қарны ашса, аралық ас көмектеседі. Мысалы:

  • Жеміс + йогурт
  • Шағын сэндвич
  • Банан + аздап жаңғақ
  • Қытырлақ нан + ірімшік

Ескерте кетер жайт, шырын мен печенье аралық асты көбіне бос қанттардың көзіне айналдырады.

12:00–14:00 | Түскі ас

Түскі ас — негізгі ас қабылдаулардың бірі, сондықтан мұнда бір тоқаш жеткіліксіз. Қарапайым бағдар:

  • Көкөністер
  • Ақуыз көзі — ет, құс еті, балық, жұмыртқа немесе бұршақ тұқымдастар
  • Гарнир — жарма, макарон, картоп және т.б.
  • Сонымен бірге су ішуді де ұмытпаңыз.

Түстен кейінгі аралық ас

Егер түскі ас пен кешкі астың арасында бірнеше сағат болса, балаға тағы бір жеңіл ас қажет болуы мүмкін:

  • Сэндвич
  • Йогурт + жеміс
  • Омлет + нан
  • Сүзбе + жидек немесе жеміс

19:00 | Кешкі ас

Кешкі ас міндетті түрде тек «жеңіл бір нәрседен» тұруы қажет емес. Ол кәдімгі толыққанды ас болуы мүмкін:

  • Балық + жарма + көкөніс
  • Тауық еті + картоп + салат
  • Бұршақ тұқымдастар + күріш + көкөніс

Әрбiр ас қабылдауды «мінсіз» етуге тырысқаннан гөрі, күні бойығы тамақтануға тұтастай қарау маңызды.

Бала күні бойы не ішеді?

  • Шөлді басудың ең дұрысы — кәдімгі су.
  • Сөмкедегі су бөтелкесі — қарапайым әдет, бірақ оны ұмытып кету оңай.
  • Тәтті сусындар, шырындар мен тәтті шәй судың орнын алмастырмауы тиіс.

Оқушының тамақтану режимін жиі не бұзады?

  • Таңертең ештеңе жемейді 
  • Үзілісте тек тәтті тіскебасармен тамақтанады
  • Мектептен кейін қатты ашығады
  • Үйге келгенсін бәрін бірден жегісі келеді.
  • Мақсат — «мінсіз мәзір» құрастыру емес. Күні бойы баланың қалыпты тамақ, су және әртүрлі өнімдермен тамақтануы маңызды.

    Оқи отырыңыз: Емханалардың жұмыс тәртібіне қандай өзгеріс енгізілді

    Толық көрсету