Cақшылар күніне бірнеше рет тоқтатып, жолаушы тасымалына шектеу қойған
Шетелдік көліктерді тізгіндеген атыраулық жүзге тарта жүргізуші шу шығарды. Оң жақ рөлді көлік айдайтын азаматтар жолда кедергісіз жүруге рұқсат беруді сұрап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Соңғы бір аптадан бері қала, ауданаралық бағыттарға қатынайтын оң жақ рөлді автокөлік иелерінен маза қашқан. Өйткені, сақшылар күніне бірнеше рет тоқтатып, жолаушы тасымалына шектеу қойған. Такси қызметін көрсететін бұл азаматтар күнделікті табыстан қағылған.
«Оң жақ рөлді көлігім несиеге алынған. Төрт жылдан бері төлеп келем. Соңғы күндері адамдарды жолдан түсіріп жүрмін. Тексеру Бір күнде тоқтатып тастауға болмайды ғой. Халықпыз жұмыс жасаймыз. Отбасын асырау керек. Оңай емес. Уақыт беріңдер деп келіп тұрмыз», – деді қала тұрғыны Арман Бағытов.
Жүргізушілердің айтуынша, бұған дейін еш шектеу қойылмаған. Олар «аяқ астынан заң шығарып, өзгеріс енгізу ақылға қонымсыз» дейді.
«Сол жақ рөлді көлік болғандықтан «Қарабатан жақтан рейд жүріп жатыр» деп жолаушларды барар жеріне мен жеткіздім. Басында кіргізбеу керек еді. Кіргізіп алып, соған қарсы заң шығару, қаншалықты дұрыс?», – деді қала тұрғыны Тұржан Өтешов
Ал құзырлы орган өкілдері заң аяқ астынан шықпағанын, оң жақ рөлді көліктерге тыйым бұрыннан барын айтты. Жаппай тексерістер жолдағы қауіпсіздік қамын ойлағандықтан күшейтіліп жатыр. Өйткені, ауданаралық тас жолдарда жол апаттары көбейген. Жыл басталғалы 80-нен аса жолаушының өмірі үлкен трассаларда қиылған.
«Шетел автокөліктерінің қатысуымен осы жылға адам жарақаты мен көлік оқиғаларын айтпағанда тас жолдарда ауыр жол апаттарынан 16 адам қайтыс болды. Оның ішінде қызық көрмеген сәбилер бар. Елдімекендерде 6-7 адамнан салонға салып алады, адам өмірі маңызды емес, күнделікті табысын ойлап кетті. Жол көлік оқиғасын алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, кеңінен қайтарып жіберіп жатырмыз. Болмайды, заңға қайшы», – деді Атырау облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Әділбек Шахматов.
Сондықтан да енді бақылау қатаңдатылады. Ал заңға бағынбай, ережені белден басқандарға тиісті әкімшілік шара қолданылмақ.
«Шетелден келген автокөліктер тіркеуге алынбайды. Себебі, жолда жүріс туралы заңның 2014 жылдың 17 сәуірдегі 63-бабында толық көрсетілген. Жолаушы тасымалдауға қатаң тыйым салынады. Облыста 1499 оң жақты автокөлік заңдастырылып, қазіргі уақытта мемлекеттік белгісі берілген», – деді Әкімшілік полиция басқармасы процессингтік орталығының бөлім бастығы Жеңіс Дәулетов.
Демек оң жақ рөлді көліктер заңдастырылғанымен жолаушы тасымалдай алмайды. Десе де екі арада адам тасып жүрген жүргізушілер билік басындағылардан заңдағы ережелерді қайта қарауды талап еттіп отыр. Олар осы қызмет арқылы отбасын асырап, жан бағуға мәжбүр.
Оқи отырыңыз: Ақтауда жас жігіттің мәйіті табылды