Сотта қанды оқиғаның бейнежазбасы да қаралды
Шағын маркетті тонап, иесін өлтірген 51 жастағы азаматқа қатысты сот процесі басталды. Қарағанды облысында өтіп жатқан отырыста айыпталушының бұған дейін де бірнеше жауапкершілікке тартылғаны мәлім болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сотталушыны залға арнайы күзетпен жеткізді. 51 жастағы Саран қаласының тұрғыны өзін бейнеге түсіруге үзілді-кесілді қарсы болды. Ол сондай-ақ кісі өлтіргенін мойындамады. Азаматтың сөзінше, 22 қаңтарда аңшы пышағын алып, дүкенді тонау үшін келген, бірақ өлтіру ниеті болмаған. Алайда тергеу қорытындысы басқаша сөйлейді.
«Ол аңшы пышағын қынабынан шығарып, оң қолына ұстап, дүкен иесі тұрған сөренің артына өтті. Кассалық аппаратқа қарай беттеген. Дәл сол жерде ақша сақталған. Сол сәтте дүкен иесі көмекке шақырады. Айыпталушының әрекеттеріне қарсылық көрсетіп, оны сыртқа қарай итерген», – деді прокурор Жанқозы Нәкішев.
Сотта қанды оқиғаның бейнежазбасы да қаралды. Өзгелермен бірге істің мән-жайымен танысқан марқұмның туыстары көз жасын тыя алмады. Әрі бұл процессте мәйітті тапқан куәгерлер де түсініктеме берген.
Сауда орнында марқұм енесімен және күйеуімен кезектесіп жұмыс істепті. Қайғылы оқиға болған күні дүкенді өзі ашқан. Ал кассалық аппаратта тауар жеткізушілерге арналған 180 мың теңге болған. Ал осы аталған сома үшін адам жанын қиған азаматқа қарақшылық шабуыл және кісі өлтіру баптары бойынша айып тағылды.
«Балалар анасыз қалды. Оның кінәсі толық дәлелденген, бәрі камераға түсіп қалған. Қазір өзін ақтағысы келіп жатыр. Айта кеткім келеді, әпкем ол кезде жүкті болмаған. Сондай-ақ оның дүкенге қатысты аффект күйінде әрекет еткенін ескеру керек. Себебі бұл дүкен олардың отбасылық еңбегі болатын, олар дүкенде күн-түн демей жұмыс істейтін», – деді марқұмның ағасы Ертай Тілеуқабыл.
Марқұмның туыстары айыпталушыдан 30 миллион теңге көлемінде моральдық және 180 мың теңге материалдық шығынды өндіріп алуды талап етеді. Жәбірленуші тарап әділ үкім шығады деп үміттеніп, қатаң жаза берілуін күтіп отыр. Ал дау тудырған қылмыстық істі судья Бекзат Шалғымбаев қарайды.
Жанбота Рахметуллаұлы, Айнұр Бексұлтанқызы, Қарағанды облысынан
Оқи отырыңыз: Жыл басынан бері 3 тоннадан астам есірткі тәркіленді