Шалғай елдімекендерде 600-ден астам медициналық нысан салынуда

15.07.2025 13:46

Елімізде 3,3 млн адам Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне енгізілмеген

Almaty.tv

600-ден астам шалғай елдімекендерде медициналық нысан салынуда. Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихаты барысында Премьер-министр Олжас Бектенов журналистердің денсаулық сақтау саласындағы мәселелерге қатысты сұрағына жауап берді, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Денсаулық сақтау саласында қордаланған мәселелер бар екені белгілі. Оны бір күнде шешу мүмкін емес. Бірақ біздің кешенді жоспарымыз бар. Аталған салаға қатысты нақты шаралар қабылдап жатырмыз. Қазіргі уақытта 3,3 млн адам Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен тыс болып отыр. Біз келесі жылдан бастап жергілікті бюджеттердің есебінен осы 3,3 млн-ның 1 млн-ын осы жүйеге енгіземіз. Жыл сайын көрсеткішті азайтамыз. Бұл үлкен шығындарды талап ететін шаруа. Бүгінгі таңда Президенттің тапсырмасы бойынша «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Жалпы 600-ден астам шалғай елді мекендерде медициналық нысандар салынып жатыр. Біз аталған бағытқа республикалық бюджеттен де, қайтарылған активтер қаражаты есебінен де қаржы бөлеміз. Әрине, мәселе онымен толық шешілмейді. Бірақ, кезең кезеңмен іске асырылады»,  — деді Олжас Бектенов.

Оқи отырыңыз: Медеу ауданындағы мектептерде 4 мыңнан астам орын ашылады