Жаңа жүйе іске қосылғалы бері 1747 заңбұзушылық анықталып, 524 миллион теңгеден астам айыппұл салынған
Түркістанда полиция шамадан тыс жүк артқан көліктерді айыптұраққа тоғытып, иесіне айыппұл салып жатыр. Ал нәпақасын жүк тасып тауып жүргендер бұл шешімге келіспейді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Таңнан кешке дейін ауыр техника тізгіндеп, отбасын асырап жүрген жүргізушілер Түркістан қаласының әкімдігіне жиналды. Олардың айтуынша, соңғы уақытта жүк көлігімен жүру — азапқа айналған. Полиция олардың машиналарын жиі айыптұраққа қойып, жүргізушілерді жауапқа тарта бастаған.
Жиналған жүргізушілердің алдына жергілікті билік пен полиция өкілдері де келді. Олар тәртіп бәріне ортақ екенін кесіп айтты. Ал жол ережесін бұзғандарға шара қолданылатынын ескертті. Әсіресе, шамадан тыс жүк артқан көліктердің жаңадан салынған жолдарды бүлдіріп жатқанын ашық жеткізді. Асфальттың әр метрі бюджетке қымбатқа түсетінін де жасырмады.
«Жылдан жылға ауыр жүк көліктері жолға зиян келтіруде. Бүгінгі таңда 2025 жылдың өзінде 2 млрд-тан астам қаражатқа зиян келтірген. Себебі шамадан тыс жүк артып, жолға салмаө түседі», – деді Түркістан облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев.
Айта кетейік, заңбұзушылықтардың алдын алу үшін облыс аумағында 7 автоматтандырылған өлшеу станциясын орнату жоспарланған. Онда мамандар ауыр техниканың салмағын онлайн тіркеп, тәртіп бұзғандарды автоматты түрде базаға енгізеді. Жаңа жүйе іске қосылғалы бері 1747 заңбұзушылық анықталған. 900 жүргізушіге нұсқама жолданып, 524 миллион теңгеден астам айыппұл салынған.
Оқи отырыңыз: Үйім тұруға жарамсыз: Шымкентте былтыр пайдалануға берілген құбыр жарылып кетті