Фермерлердің айтуынша, аумақта шамамен 10 мыңға жуық түз жануары жүреді
Ақтөбе облысының Қарғалы ауданына қарасты Құмқұдық ауылы маңында ақбөкендер егіс алқаптарын жаппай бүлдіріп, жергілікті шаруаларды шығынға батырды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Фермерлердің айтуынша, аумақта шамамен 10 мыңға жуық түз жануары жүреді. Киіктердің саны өткен жылдармен салыстырғанда әлдеқайда көп. Алдын ала есеп бойынша, келтірілген залал 30 миллион теңгеге жеткен. Шаруалар «ақбөкендер күздік дақылдар мен бидайды таптап, өнімнің көбеюіне кедергі келтіріп отыр» дейді шаруалар. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының мамандары, сондай-ақ облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері зақымданған егістік алқабының көлемін нақтылап, түз жануарларын ол жақтан алыстату шараларын ұйымдастырып жатыр. Бұл жұмысқа 30-ға жуық маман мен 14 техника жұмылдырылған. Ал диқандарға шығынның өтелетін-өтелмейтіні әлі белгісіз.
«Қазіргі таңда шамамен 40-50 мыңдай Бетпақдала популяциясы Ақтөбе облысының маңында аумағына кіріп, мекендеп жатыр. Оның саны өзгеріп тұру мүмкін. Оны саны 150 мыңға да жетуі мүмкін. Себебі көршілес Қостанай облысы бар. Бірде Ақтөбе, екінші күні Қостанай облысына кіреді. Жаз кезінде көбейеді», – деді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы бөлімінің басшысы Бекболат Жапаров.
Оқи отырыңыз: Ақмола облысында ірі мал шаруашылығы жобалары іске асырылуда